79 жастағы жылыойлық ақсақал вакцина қабылдады

Жасымның ұлғайғандығына қарамастан мен осындай шешім қабылдадым

79 жасқа қадам басса да қоғамдық-саяси өмірден тыс қалмай, тұғырдан түспей жүрген ардагер-журналист Нұрдәулет Ақназаров аудандағы бірқатар ұйымдарға басшылық етеді. Өзінің «Автомектебі» бары өз алдына, ақсақал «Дарын» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі бола жүріп, аудандағы Қоғамдық келісім кеңесін басқарады және «Алтын адам» газетін шығарып отыр. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі ретінде осындай бірнеше қызметтің басын құрап, үйлестіріп жүрген ағамыз таяуда тәж тажалына қарсы екпе де қабылдады.

Әрине, вакцинаны 65 жастан асқан қариялардың салдыртуы міндетті емес екені белгілі. Бірақ денсаулығы жетіп тұрса, ондай сақтық шарасынан бас тартудың да қажеті жоқ екен. Оған Нұрағаңның тәжірибесі дәлел бола алады. Үлкен кісілер түгілі, ковидке қарсы екпеден жастардың өзі шошып, бас тартып жүргенде сексеннің сеңгіріне жақындаған Н.Ақназаровтың бір емес, екі компонентін де қорықпай салдыртуы жақындарына жанашырлығы деп түсінеміз.

-Ауру көрсеткіші жағынан қай деңгейде тұрса да, қауіпті індеттің қатері жоғары. Сондықтан онымен күресудің ең тиімді жолы - ковидке қарсы вакцина қабылдау деп білемін. Жасымның ұлғайғандығына қарамастан мен осындай шешім қабылдадым. Әрине, вакцинациялаудан кейін дәрігерлер дерттің жұқпайтындығына кепілдік бере алмайды. Дегенмен, аурудың жеңіл түрде өтетіндігін айтып отыр. Отбасыңды, айналаңдағы ағайын-туыс, бауырлар мен дос-жараныңды сақтаудың жолы – вакцина. Сол себепті мен ақ халатты абзал жандардың мұқият тексеріп, қатаң бақылауынан өткеннен кейін екпенің екі компонентін де салдырдым. Вакцинациядан соң бойымда теріс әсер болған жоқ. Қазір Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы, көңіл-күйім де жаман емес. Осыған орай, барша жылыойлық жерлестерімді қауіпті індетке қарсы вакцина қабылдауға шақырамын, - дейді Нұрдәулет ақсақал.

Ендеше, ісімен де, сөзімен де жастарға үлгі-өнеге көрсеткен ардагердің ақыл-кеңесіне құлақ түргеніміз абзал болар.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT