51 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ КОВИДПЕН АУЫРҒАН

ӨТКЕН АПТАНЫҢ ЖҰМА КҮНІ ОБЛЫCЫМЫЗДА COVID-2019 ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ҚҰРЫЛҒАН ҮГІТ-НАСИХАТ БРИГАДАСЫ АУДАНҒА АРНАЙЫ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ. ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ СЕРІК АЙДАРБЕКОВ БАСТАҒАН ТОП МҮШЕЛЕРІ АУДАНДЫҚ «КЕҢ ЖЫЛЫОЙ» МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ. ТОП ҚҰРАМЫНДА, ОБЛЫС БОЙЫНША САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ИРБАТЫРОВА ГҮЛНАЗ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ №4 ЕМХАНАНЫҢ БАСШЫСЫ ЕРКІН САБЫРОВ ЖӘНЕ АТАЛҒАН ЕМХАНАНЫҢ ЭПИДЕМИОЛОГ ДӘРІГЕРІ ХАМЗИН ТӨЛЕПБЕРГЕН МЕН АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ГЕОЛОГ» ЕМХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ МЕРУЕРТ ӨТЕҒАЛИЕВАЛАР БАР. СОНДАЙ-АҚ, ЖИЫНҒА АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ САЙЛАУБАЙ ТАЛАСОВ ПЕН ДЕРБЕС БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР, ЖЕРГІЛІКТІ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚАТЫСТЫ.

Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап еліміздің барлық аймағында коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау шаралары жүргізілді. Ең алдымен, медицина, білім, құқық қорғау саласының мамандары мен мемлекеттік қызметшілерге ауруға қарсы екпе егілді. Бұлардың барлығы үнемі халықпен тығыз байланыста болатын мамандық иелері. Сондықтан да, олардың арасындағы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру аса маңызды болатын. Ал осы жиынға келгендер – олар шаруа қожалықтарында, өзге де мекемелерде жұмыс істейтін азаматтар еді. Олардың басым бөлігі екпені әлі күнге алмаған.

Аймақ басшысының орынбасары Серік Кенғанұлы ең бірінші, көршілес Ресей мемлекетіндегі эпид ахуалға тоқталды. Шекаралас ел болғандықтан да бізге аталған мемлекеттен келетін қауіптің аса зор екендігін айтты. Жалпы, індет басталғалы облыс бойынша 51 мыңнан астам адам науқасқа шалдығып, оның 98 пайызы жазылып шыққан. Ал соңғы аптада аурушаңдық көрсеткіші 4 пайызға өсіп, орташа есеппен тәулігіне 30-дан аса адамда індеттің оң белгілері байқалып отырады екен.

18 қазаннан бастап біз қайтадан «Сары аймаққа» ендік. Бұл жағдайдың әлі де тұрақсыз екендігін көрсетеді. Ауруға қарсы тұратын бірден-бір күш – вакцина екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бүгінге дейін өңірге вакцинаның І компонентінің 259 мың дозасы, ІІ компонентінің де 259 мың дозасы жеткізілді. Екпенің алғашқы кезеңін алғандар 91 пайызға, ал екінші кезеңін алғандар 81 пайызға жетіп отыр. Тұрғындарға екпе салу жұмыстарын жандандыру мақсатында ашылған 61 екпе кабинетінің 10-ы жылжымалы пункттер болып табылады,-дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Облыс басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес, Жылыойда 3 тамыз бен 20 қазанға дейін вакцинация алатындардың саны 19

мыңнан асуы керек болатын. Алайда, екпе егілгендердің саны 8 мыңнан зорға асып, жоспардың 43 пайызы ғана орындалып отыр. Сол себепті, Серік Айдарбеков аудан тұрғындарын коронавирусқа қарсы екпені белсенді түрде алуға шақырды.

Жиын кезінде 80 жастан асса да, денсаулығына келетін қауіптен сақтанып, өз еркімен екпе алған жылыойлық ақсақал Нұрдәулет Ақназаровқа сөз берілді. Тұрғындар алдында мінберде сөз сөйлеген қария екпенің өзіне еш зиян келтірмегендігін айтты.

Екпе – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Сол себепті, жиынға келген тұрғындар да аталған мәселеге қатысты сұрақтарын жан-жақтан қойып жатты. Бірі вакцинаның адам денсаулығына келтіретін пайдасы мен кері әсерлері туралы білгісі келсе, енді бірі балалар вакцинасы жөнінде сұрақ қойды. Ал бұл сұрақтарға дәрігер мамандар кезек-кезек мінберге шығып, жеке-жеке талдай отырып, жауап берді. Вакцина алғаннан кейінгі адам ағзасында болатын жанама әсерлерді қалыпты дейді олар. Ал екпе – 12 жастан асқан балаларға ата-анасының келісімімен салынатын болады деп жауап берді. Өйткені індетке шалдыққан әр бес адамның бесіншісі балалар болып табылады екен.

Мәдениет үйінде өткен жиыннан соң облыстан келген топ өкілдері ауданға қарасты елді-мекендерге барып, халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT