200-ден астам ауылда медицина мекемесі жоқ

 Елімізде 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық нысан жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

«Президент өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауыл халқының медициналық көмекке сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық жобаны іске асыру қажеттігін айтты. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру екі жыл ішінде барлық ауылды және 650 елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 32 көпбейінді аудандық аурухана ұйымдастырылады. Осындай іс-шараларды жүзеге асыру бүгінгі күні өте өзекті және уақыты келді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Ажар Ғинияттың дерегінше, қазіргі таңда ауылда республика халқының 41 пайызы немесе 7 млн 768 мың адам тұрады.

Оларға медициналық көмек көрсету үшін 5 мыңнан астам медициналық ұйымдар қызмет етеді.

Оның ішінде 2 мыңнан астам - медициналық пункт, 790 - фельдшерлік-акушерлік пункт, бір мыңнан астам – дәрігерлік амбулатория, 227 – емхана, 203 аурухана бар.

Елді мекендерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мыңнан астам дәрігер, 54 мың орта медицина қызметкері қызмет атқарады.

«Ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде проблемалық мәселелер бар. 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық нысан жоқ. Бұл - өзекті мәселе. Бұдан басқа, ауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының медициналық инфрақұрылымының 50 пайыздан астамы тозған», - деді ол.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521