113-тен 58-ге дейін салмақ тастаған құлсарылық диетолог

Құлсарылық диетолог Назгүл Бисембаеваны көпшілік «Назкен» ретінде жақсы таниды.

5000-нан аса адамды арықтатқан жас келіншектің өзі бір мезгілдері 113 кг салмақпен өмір сүрген. Сұхбатымызда бұл саланы меңгеруіне семіздігінің себеп болғанын баяндап берді. Ендеше, артық салмақтан арыла алмай жүрген оқырмандарымызға диетолог, «My Food» дұрыс тамақтану сервисінің басшысы Назгүл Шотыбайқызының сұхбатын ұсынамыз.

-Диетолог мамандығын қашан меңгердіңіз?

-Диетология саласында 2016 жылдан бастап қызмет етіп келе жатырмын. Алматы, Астана қалаларында арнайы оқу курстарынан өттім.

-Бұл мамандықты таңдауыңызға өзіңіздің артық салмағыңыз себеп болған екен?

-Ия, осыдан бірнеше жыл бұрын өзім 113 кг болып семіріп кеттім. Мені артық салмақтан арыла алмай жүрген қыз-келіншектер жақсы түсінетін шығар, бұл адамды стреске әкеліп соқтырады. Сондықтан бұл саланы меңгеруіме өзімнің артық салмағым түрткі болды деп айта аламын. Сөйтіп, алдыма мақсат қойып, іске кірісіп кеттім. Сабырмен, шыдамдылықпен 1 жылдың ішінде 58 кг салмақ тастадым. Әрине, ешқандай дәрі-дәрмексіз, тіпті жаттығу залдарына да барған емеспін. Содан бастап мен сияқты толықтықтан арыла алмай жүргендерге көмектескім келіп, осы саланы кәсіби түрде меңгере бастадым.

-Естуімше, отандық бағдарламаларға қонақ ретінде қатысыпсыз. Осы жөнінде айтсаңыз.

-Бір семірген адамның арықтауы өте қиын. Ал мен сол қиыншылықты жеңіп, жақсы нәтижеге жеткенімді мақтаныш ретінде әлеуметтік желілерге салып отырамын. Бір жағынан, диетолог маман ретінде барлығы мені осы ғаламтор арқылы біле бастады ғой. Сөйтіп, менің бұрынғы толық кезім мен қазіргі жіптіктей болған мүсінімді суреттерімнен көріп, бағдарлама редакторлары қызығушылық танытты. 2017 жылы Атыраудағы «Бізбен бірге», отандық «Пендеміз ғой», 2018 жылы «Бақытты әйел», «Шаңырақ» бағдарламасына қонақ ретінде шақырды. Онда өзімнің басымнан өткен жағдайларды баяндап, сол арқылы қыз-келіншектерді жігерлендіруге тырыстым.

-Қанша адамға көмек көрсетіп жүрсіз? Зор нәтижеге жеткен жандар бар ма?

-Осы уақытқа дейін 5000-нан аса адамға көмек көрсетіппін. Яғни ай сайын жүздеген адаммен жұмыс жасаймын. Солардың ішінде 45 кг-ға дейін салмақ тастаған 5 қыз болды. Соның бірі менің алдыма 118 кг салмақпен келді де, 73-ке арықтады. Тағы бір адам менің кеңесіме жүгінгенге дейін 120 кг салмақ болды. Содан салмағы 77-ге түсті ғой.

-Бүгінгі таңда артық салмақ қосқан адамдар көп. Адамның семіздікке ұшырауына не себеп болады көбіне?

-Бұл үлкен мәселе деп айтуға болады. Негізі, бір семіріп кеткен адамға артық салмақтан арылу өте қиын екенін атап өттім. Адам қатты қаласа, одан да арылуға болатынын дәлелдеп келе жатырмын. Қанша дегенмен артық салмағы бар адамдардың бірнеше ауру қосып алуы әбден мүмкін ғой. Оның себептері көп: стресс, тамаққа тойымсыздықпен қарау, өзін-өзі шектей алмау, ұйқының көп болуы, қозғалыстың жоқтығы – осының барлығы әсер етеді семіруге. Негізінде, алдына мақсат қойған, денсаулығына жаны ашитын адамға артық салмақтан арылу қиын емес.

-Ендеше, арықтағысы келетін оқырмандарымызға қандай кеңес айтар едіңіз?

-Ең бастысы – ашықпау керек, яғни қарын ашырмау керек. Тамақ ішпей арықтаймын дейтіндер қатты қателеседі. Артық салмақтан арылу үшін сауатты түрде іске кірісу керек. Яғни калория санау керек. Ал қара судың адам ағзасындағы заттың алмасуына пайдасы өте көп. Мысалы, өз салмағыңды 30-ға көбейтесіз, содан қандай мөлшер шығады, сол бойынша су ішу керек. Тамақтың барлығын суға, буға пісірген дұрыс. Ол үшін 5 мезгіл арасына 2 жарым, 3 сағат уақыт салып, мөлшермен тамақтану керек. Кешкі тамақты барынша шектеп, суды мөлшермен ішіп тұру қажет. Қозғалыстың көп болғаны абзал.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521