Ішімдікке деген тәуелділік – ең күрделі ауруларға алып келетін ғаламдық проблемалардың бірі. Ауданымызда бұл бағыттағы медициналық бақылау мен алдын алу шаралары тұрақты жүргізілгеніне қарамастан, көрсеткіштің төмендеу қарқыны байқалмай тұр. Мамандардың айтуынша, тәуелділікке қарсы күрестің тиімді болуы тұрғындардың өмір салтын дұрыс ұстануымен қатар профилактикалық шараларға бейжай қарамауына да тікелей байланысты екендігін айтады. Жалпы статистикаға сүйенсек, елімізде қылмыстың 70 пайызы ішімдіктің салдарынан жасалады екен. Бұл көрсеткіш қоғам болып алкогольге қарсы күресті күшейту керектігін білдіреді. Осы мәселеге байланысты аудандық емхананың нарколог дәрігері Зарифа Шамшадинқызы жыл басынан бері ауданымыздағы алкоголизмге қарсы атқарылған жұмыс және алдын алу шаралары туралы сұхбат барысында нақтылап өтті.
- Зарифа Шамшадинқызы, маман ретінде маскүнемдіктің алдын алу сатыларын атап өтсеңіз? Қазір ауданымызда есепте шамамен қанша пациент тұр және оларға қандай бақылау жүргізіледі?
- 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ауданда наркологиялық есепте барлығы 139 пациент тұр. Оның ішінде:
- «Д» (динамикалық бақылау) есебінде – 116 адам
- «К» (консультативтік бақылау) есебінде – 23 адам
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес, «К» есебіндегі пациенттерді ай сайын міндетті түрде кабинетке шақырып, тексеріп отырамыз. Ал «Д» есебіндегі пациенттер динамикалық бақылау тобына кіреді, олар жылына бірнеше рет – кейде өз еріктерімен, кейде арнайы шақырту бойынша келіп тұрады. Өкінішке орай, контингенттің едәуір бөлігі тексерілуге келуден жалтарып жүреді. Маскүнемдіктің алдын алудың ең алғашқы сатысы - бұл алкогольді үнемі ішуді бастамаған немесе оны енді қолдана бастаған адамдарда алкогольге тәуелділіктің дамуын болдырмауға бағытталған шаралар. “Бастапқы алдын алу шараларына мыналар жатады. Бірінші, алкогольдің зияны және оның денсаулыққа тигізетін зардаптары туралы баяндайтын ақпараттық және білім беру науқандарын өткізу (брошюралар, буклеттер, ақпараттық стендтер, «Ашық есік» күндері, семинарлар). Екіншіден, оқушыларға, студенттерге және басқа да жастарға маскүнемдік мәселесі бойынша семинарлар мен тренингтер өткізу”,-дейді маман.
Маскүнемдіктің қайталама профилактикасы - бұл алкогольге тәуелділіктің ерте көріністері бар адамдарды анықтауға және оларға көмектесуге бағытталған шаралар. Қайталама профилактиканың негізгі әдістеріне: мәселенің алғашқы белгілерін анықтау үшін халық арасында алкогольге тәуелділікті анықтайтын скринингтен өткізу (сауалнама\психиатр-дәрігердің тексеруі), екіншіден алкогольге тәуелділіктің ерте көріністері бар адамдарға консультациялық көмек және психологиялық қолдау көрсету, ал үшіншіден қайталануды емдеу және алдын алу мақсатында алкогольге тәуелділіктен зардап шегетін адамдар үшін оңалту бағдарламаларын жүргізу болып табылады. Маскүнемдіктің негізгі профилактикасы - бұл алкогольге тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды оңалтуға және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған шаралар. Жалпы, маскүнемдіктің алдын алудың барлық үш кезеңі бір-бірімен байланысты және бұл мәселені тиімді болдырмау және емдеу үшін оны кешенді түрде қолдану керек.
- Жалтарып жүрген пациенттерді қалай шақырасыздар? Емдеу қалай жүргізіледі?
- Жыл басынан бері осы мәселе бойынша аудандық полиция бөліміне екі рет ресми хат жолдадық. Хатта кабинетке келуден жалтарып жүрген 35 пациенттің тізімі болды және учаскелік инспекторлардан көмек сұрадық. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің ықпалымен 7 пациент мәжбүрлі түрде жеткізіліп, медициналық тексеруден өтті. Бұл пациенттер жылына 1 рет флюорографиядан өтеді, 2 рет ЖИТС-ке қан тапсырады. Медициналық көрсеткіштерге қарай пациенттерге амбулаториялық қолдау емдері тағайындалады немесе өз еркімен емделгісі келетіндер облыстық психикалық денсаулық орталығына стационарлық емдеуге жіберіледі. Сонымен қатар алкогольге тәуелділік бойынша биыл 8 пациент мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Медициналық көрсеткіштерге қарай пациенттерге амбулаториялық қолдау емдері тағайындалады немесе өз еркімен емделгісі келетіндер облыстық психикалық денсаулық орталығына стационарлық емдеуге жіберіледі.
- Ауданда профилактикалық белсенділік қандай деңгейде?
- Профилактика – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Аудан көлемінде үнемі профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлық, маскүнемдік, лудомания, зорлық-зомбылық және суицидтің алдын алу мақсатында аудандық ішкі саясат және ішкі істер бөлімдерінің өкілдерімен бірлесіп, барлық мектептерде, Сафи Өтебаев Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі және Т.Байсырымов гуманитарлық-техникалық колледждерінде «дөңгелек үстелдер», лекциялар, сұрақ-жауап кештері өткізіледі. Ата-аналар да қатысты. 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай мамыр-маусым айларында түлектер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Күні кеше ғана аудандық емханада “Біз өмірді таңдаймыз” атты стенд орнатылды, әлеуметтік желілерде видеороликтер жарияланды. Биылғы жылы №16, 18, 21 мектептер мен екі колледжде “Есірткінің ағзаға кері әсері” және “Салауатты өмір салты” тақырыбында лекциялар, «дөңгелек үстелдер», анкеталық сауалнамалар өткіздік. Дәрігер ретінде біздің мақсат - тек есеп жүргізу емес, әрбір адамның өмірін жақсы бағытқа өзгертуге бейімделуіне мүмкіндік беру. Алкогольге тәуелділік – тек медициналық емес, әлеуметтік мәселе екенін түсінуіміз қажет. Сондықтан оны жүйелі, кешенді түрде шешу міндетті. Жастар арасында, әсіресе қыздар арасында бір байқалатын жағдай бар -“жеңіл” ішімдік деп пиво мен виноны қауіпсіз санап, еркін пайдалану. Алайда көпшілік біле бермейтін бір жайт жеңіл деп жүрген ішімдіктердің өзі ағзаға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, бір кружка сыраның мөлшері бір рюмка арақпен шамалас. Сондықтан оны жеңіл деп есептеу дұрыс емес. Болашақ ана атанатын қыздар үшін бұл одан да маңызды, себебі кез келген алкоголь гормондық тепе-теңдікке, жүйке жүйесіне және жалпы денсаулыққа әсерін тигізбей қоймайды. Ерте профилактика, уақытылы тексерілу, психологиялық қолдау және қоғам тарапынан түсіністік осының бәрі нәтижеге алып келеді,-деп атап өтті маман.
Тәуелділікпен бетпе-бет келген адамдарды жазғырмай, керісінше, қолдау көрсетіп, дұрыс бағыттау қоғамның саналы деңгейін көрсетеді. Алкогольдің зияны туралы ашық айту, жастарға дұрыс бағдар беру, ақпараттық мәдениетті күшейту, профилактикалық шараларға белсенді қатысу – болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғаудың шешуші тетігі. Ауданда қолға алынған түсіндіру жұмыстары мен медициналық бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Дегенмен, қоғам бірлесе әрекет етсе, әр адам өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, өзгелерге үлгі бола білсе алкогольге тәуелділік деңгейін төмендету әбден мүмкін.
Салауатты өмір салтын насихаттау, дұрыс таңдау жасау және денсаулықты бағалау – бүгіннен басталатын қадам. Ал қоғамның күші - бірлікте.
А. Талапкер



