Жылыойлықтардың жобадағы жетістігі

Ғылым мен технология қарқынды дамыған заманда әйелдер арасында жыл сайын ұйымдастырылатын ғылым, технология, инженерия, математика саласы бағытындағы STEM жобасының болашағымыз үшін маңызы өте жоғары.

Жуырда ғана облыстық деңгейде “STEM Hanym” атты бірегей жоба жүзеге асырылып, Жылыойдың ұстаздары мен тәрбиешілері алдыңғы шептен көрінді. Аталмыш жобаны “Samruk-Kazyna Trust” корпоративтік қоры және “ExxonMobil” компаниясының қолдауымен “USTEM Foundation” қоғамдық қоры ұйымдастырды.

«STEM Hanym» бағдарламасына облыстың бес ауданынан келген 300-ден астам әйелдер арнайы робототехника жаттықтырушысы сертификатын иеленді. Олардың арасында педагогикалық факультеттердің студенттері, мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілері, тіпті көп балалы аналар және мүгедектігі бар әйелдер, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар да бар. Осы ынталы топтан ең белсенді деген 300 қатысушы іріктеліп алынды. Жылыойдан келген 70-тен астам қатысушы өз нәтижелерімен қарсыластарын таңдай қақтырды.

Сайыс 40 академиялық сағаттық қарқынды курс және хакатон бағдарламасынан құралды. Қатысушылар LEGO Education жиынтықтарымен жұмыс істеуді, роботтарды бағдарламалау негіздерін, сыни және инженерлік ойлауды, командалық жұмысты және жаһандық мәселелерді шешу дағдыларын меңгерді.

Атап өту керек, оқыту бағдарламасы FIRST халықаралық әдістемесіне негізделген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 514 бұйрығына енген, әлемдегі ең танымал бағдарламалардың қатарына жатады. Хакатон бағдарламасында алдыңғы орындардан көрінген жылыойлық жеңімпаздар яғни ең үздік жоба иегерлері мектеп мұғалімдеріне бұйырды. Атап айтқанда, №9 жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдері Ханым Жанұзақова мен Альбина Күмісова, №20 жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімі Гүлдана Бекболатова, №6 жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдері Ляззат Тойшанова мен Кәмшат Жанаева сондай-ақ, «Аққайың» бөбекжай бақшасының тәрбиешісі Гүлдана Мергенбаевалар жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар 4 қараша күні Атырау қаласында өтетін қорытынды форумда арнайы марапатталады. Бұл ауданымыздың білімді арулары үшін жас инженерлер командаларын құрып, республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалуға үлкен мүмкіндік береді. Бүгінгі аналар мен мұғалімдер ертеңгі болашақ инженерлерді тәрбиелейді. «STEM Hanym» – жаңа мамандық және жаңа болашаққа негізделген білімді қадам.

Айша Ерден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT