Жылыойлық Сарбиназ 136 балл жинады

Жуырда ғана оқырмандарға Ұлттық бірыңғай тестілеудің басталғаны туралы ақпарат ұсынған едік. Араға көп уақыт салмай, мектеп өміріндегі ең жауапты сынақтың алғашқы қорытындысы да белгілі болды. Маңызды тестілеуде аудан мерейін арттырып, алғашқы боп жоғары ұпай жинаған Сарбиназ Кенежебекқызы 136 балл жинап, өңірдегі білім сапасын тағы бір дәлелдеді. 

Тұрғызбалық Сарбиназ №4 мектептің 11 сынып оқушысы. Үйінің тұңғышы өзінің сөзінше қызыл аттестатқа үміткер. Ол 10 қаңтарда бастау алған білім сынағында талапкерлер арасында топ бастап, аудан бойынша әзірше жоғарғы балды иеленіп отыр. Өйткені, алда әлі 4 емтихан бар. Атап айтсақ, алғашқы 3 емтихан ақылы оқу орнына түсуге жарамды болса, соңғы екеуі мемлекеттік грант иегері атануға мүмкіндік береді. Сарбиназдың бұл жетістігі оның ұзақ әрі жүйелі дайындықтың, сондай-ақ, табанды еңбектің нәтижесі екенін айғақтайды. Бұл туралы мектеп оқушысы: 

-Бұл менің ҰБТ-дағы алғашқы тестілеуім. Әрине, алғашында жинаған өз ұпайымды көріп, қатты қуандым. Бірден ата-анам мен жақындарыма айтып, қуанышыммен бөлістім. Бірақ, маңызды емтихан мұнымен аяқталмайды ғой. Сондықтан дайындықты тоқтатуға болмайды. Қазіргі таңда «FM онлайн» курсы арқылы дайындалып жүрмін. Алда әлі 4 емтихан бар. Оның екеуі мен үшін ең маңызды. Өз білімімнің арқасында өзім армандайтын жоғарғы оқу орнына түскім келеді. Бұл мен сияқты барлық 11 сынып оқушыларының арманы болар. Ал болашақта математика пәні мұғалімі болғым келеді. Сол арманыма жету үшін табанды еңбек етіп, ата-анамның үмітін ақтағым келеді. Бұл ретте ең бірінші ата-анама, мектептегі мұғалімдеріме, сондай-ақ, маған қолдау білдіріп жүрген жақындарыма алғыс айтқым келеді,-дейді өз сөзінде. 

Еске салсақ, қаңтар айындағы тестілеуге аудан бойынша 786 талапкер өтініш беріп, емтихан №6 жалпы білім беретін орта мектеп базасында басталған еді. ҰБТ-ның келесі кезеңі 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. 

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT