Жылыойлық оқушы республикалық омбудсмендер кеңесіне енді

Елімізде өткен іріктеу нәтижесінде 40 жас құқық қорғаушының қатарына Жылыой ауданындағы №18 мектептің 10-сынып оқушысы Ақжол Жетпіс қабылданды.

Ол оқушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жұмыс атқаратын республикалық кеңестің мүшесі атанды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Алмабек Дүйсенбайұлы жас омбудсменді қабылдап, алдағы міндеттерді талқылады. Бөлім басшысы Ақжолға сәттілік тілеп, жауапты қызметте сенім артты.

16 жастағы Ақжол — мектептің озат оқушыларының бірі, дебат клубының жетекшісі. Өз сөзінше, бұл қызметке ұсынылу күтпеген жаңалық болған.

— Омбудсмен болу – үлкен жауапкершілік. Астанада өткен республикалық жиында балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды міндеттермен таныстым, — дейді ол.

Жас омбудсмен мектеп ішінде буллингтің алдын алу, құпия қабылдау жәшігін орнату, құқықтық мәдениетті арттыруға арналған іс-шаралар өткізу, полиция мамандарымен бірлескен сабақтар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Сынып жетекшісі Асыл Жәукен Ақжолдың белсенділігі мен жауапкершілігін атап, мектеп ұжымы үшін бұл үлкен мәртебе екенін айтты.

Ақжол болашақта заң саласында маман болуды көздейді. Оның айтуынша, омбудсмен ретіндегі қазіргі қызметі — кәсіби жолындағы алғашқы маңызды қадам.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT