Бұл туралы Атырау облысы білім беру басқармасының Жылыой ауданы білім бөлімі басшысы Айбарша Қақпанбаева айтты.
Жалпы орта мектептердегі мүмкіндігі шектеулі оқушылар саны – 193. Соның ішінде 18 мектептегі 65 оқушы үйден оқиды, 17 мектептегі 81 оқушы инклюзивті білім алады және 2 мектептегі 47 оқушы арнаулы сыныптарда оқиды. Оларға 747 мұғалім сабақ береді.
Өткен оқу жылында «Сенім тірегі» қорының қолдауымен №16 Д.Жазықбаев атындағы және №7 Е.Халықов атындағы орта мектептерде ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдау кабинеті ашылды және жеке оқушыға педагог ассистент тағайындалды. Оқу кабинеті соңғы заманауи үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталған.
Мүмкіндігі шектеулі оқушылардың ерекшелігіне қарай ауданда №2 түзету кабинетінде 136 балаға қызмет көрсетілді. Онда 10 қызметкер маман жұмыс жасайды.
№2 түзету кабинеті №7 орта мектеп базасында орналасқан, арнайы ғимараты жоқ. Осы мәселені шешу үшін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы 150 орындық кабинет ғимаратын салуға ЖСҚ дайындалып, жер телімі белгіленді, құрылысты салуға «ЕмбіМұнайгазға» аудан әкімдігі ұсыныс берді.
Педагогтардың сүйемелдеуімен оқушыларды қалыпты балалардың қатарына қосу - мамандар мақсаты.
Ерекше білімді қажет ететін оқушылар үшін жыл сайын ұйымдастырылатын сайыстар мен байқауларға аудан оқушылары жоғары белсенділікпен қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
«Жұлдызай», «Шексіз шығармашылық» аудандық байқауының жеңімпаздары облыстық байқауда жоғары бағаға ие болып, республикалық байқауға жолдама алды. Атап айтсақ, «№2 түзеу кабинетінің дайындауымен қатысқан оқушы Нұрбергенұлы Әбдірәлі «Алтын дауыс» номинациясы бойынша республикалық конкурстан жүлделі І орынды иеленді.
Фото ашық дерекөздерден алынды