Биыл ауданда 899 түлек мектеп бітіргелі отыр. Соның ішінде 11 сыныпты аяқтаған 765 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге өтініш білдірді. Бұған қоса, колледж тәмамдаған, басқа да себеппен өз ниетімен келген қосымша 16 жас қосылды. Сонда аудан көлемінде барлығы 781 бала ҰБТ сынағынан өтеді.
Бүгін, яғни қаңтардың 14-інде ауданда ақылы негіздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Құлсары қаласындағы №6 жалпы білім беретін орта мектеп базасында ұйымдастырылған тестілеуге алғашқы 15 оқушы кірді. Мұнда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Тестілеу түстен кейін де екі мезгіл жалғасады.
Болашақ түлектер алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары, комиссия мүшесі Гүлнафис Айшуақова мен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы, комиссия төрағасы Гүлжансара Таңатарова биылғы ҰБТ тапсырудың ерекшелігін түсіндіріп, оқушыларға сәттілік тіледі.
- Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. ҰБТ барлық ереже талабына сай жүргізілді. Тыйым салынған заттар (ұялы телефон, смарт сағат, шпор, т.б) оқушылар үшін арнайы дайындалған шкафқа орналастырылды. Тестіленуші металл іздегіш арқылы аркадан өтіп, бет-бейнесін белгілетіп, тиісті орынға жайғасты. Ұлттық бірыңғай тестілеу ұзақтығы 240 минут, пән бойынша тест тапсырмаларының саны: Қазақстан тарихы - 20, математикалық сауаттылық - 10, оқу сауаттылығы - 10, бірінші бейіндік пәнінен - 40, екінші бейіндік пән бойынша - 40. Барлығы 120 балл. Тестілеу аяқталғаннан кейін компьютер экранында жауап нұсқасы көрсетілген тест нәтижелерін талдау картасы, әр тапсырма бойынша алынған және жинаған балл қосындысы, жалпы балл көрсетіледі,-дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі, комиссия мүшесі Айымгүл Қалиева.
Е.ҚОШАҚАНОВ