Жетістікке толы жылдар

ӨЗ АЛДЫМЫЗҒА ДЕРБЕС МЕМЛЕКЕТ, ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ АТАНҒАЛЫ КЕЛЕШЕК ҰРПАҚТЫҢ САПАЛЫ БІЛІМ МЕН САНАЛЫ ТӘРБИЕ АЛУЫНА КӨП КӨҢІЛ БӨЛІНІП КЕЛЕДІ. СЕБЕБІ, ЖАҺАНДАНУ ЗАМАНЫНДА БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛУДЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ – ЕЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ, СОНЫҢ ІШІНДЕ ЖАСТАРДЫҢ БІЛІМ ДЕҢГЕЙІМЕН ӨЛШЕНЕДІ.

Егемендікке қол жеткізген 30 жыл ішінде елімізде мыңдаған жаңа мектептер мен балабақшалар салынып үлгерді. Тіпті, елден тыс, шалғай жатқан ауылдарға да өркениет жетіп, жаңа білім ордалары бой көтерді. Осының бәрі де, болашақ өрендердің, ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтардың мүддесі үшін жасалып жатқан игі істер еді.

Осыдан шамамен бес жыл уақыт бұрын, 2015-2016 оқу жылында Құлсарыдағы Оңтүстік аэропорт ықшамауданынан №21 мектептің жаңа ғимараты бой көтеріп, қолданысқа берілді. Бұған дейін, күркедей ғана бір қабатты, тозығы жеткен мектепте білім алып келген оқушылар, заманауи үлгідегі мектепке ауысып, сапалы білім нәрімен сусындай бастады. Еңсесі биік, кең мәжіліс залы бар, барлық жағдайы жасалған ғимаратта оқу балалар үшін аса үлкен қуаныш болды. Ал сол білім ордасында қызмет ететін мұғалімдер де мол тәжірибелі, озық мамандар еді. Солардың бірі, Құлсарыдағы №21 жалпы орта білім беретін мектептің директоры қызметін атқарған - Өмірзақова Клара Серікқызы болатын.

Клара Серікқызы - білім беру саласының озық маманы. Ол - өз қызметіне шын берілген тәжірибелі ұстаз, басқару әдісін жетік меңгерген көшбасшы бола білді. Ұжымды жұмылдыру, педагог мамандарды жаңашыл әдістермен жұмыс істеуге жігерлендіру, оқушылардың психологиялық ішкі мінез-құлқын жақсы білетін...

Алдымен, Клара апайдың өмірбаянына, өз саласында жеткен жетістіктеріне тоқталып өтейік. Клара Серікқызы 1977 жылы Гурьев педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1982 жылы биология-химия пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Сол жылы Биікжал орта мектебіне қызметке тұрып, алғашқы еңбек жолын аталған мектептен бастайды. Одан соң,1983-1989 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте, 1989-1993 жылдары «Бүлдіршін» бала бақшасында, 1994 жылы №21жалпы бастауыш сынып мектебінде мұғалім қызметтерін атқарады. Адал да қажырлы еңбегімен көзге түскен мұғалім маман 2000 жылы мектеп директорының оқу ісінің орынбасары лауазымына тағайындалады. 2003 жылдан бастап №21 жалпы негізгі білім беретін мектептің басшысы, 2007-2010 жылдар аралығында №9 мектептің директоры, 2010-2011 оқу жылынан бастап қазіргі уақытқа дейін №21 мектептің директоры қызметін атқарып келді. 30 жылдан аса еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз облыстық Назарбаев зияткерлік мектебінің «Табысты басшы» шығармашылық клубының мүшесі, химия-биология пәндерінің жоғары білімді маманы.

Өзі мектеп директоры қызметін атқарып жүрген уақытта Клара апай мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен шығармашылық жағдайын одан әрі дамытуға барынша күш жұмсады. Сондай-ақ, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, білім ғимаратын заман талабына сай құралдармен жабдықтауға да көп қажыр-қайратын арнады. Соның арқасында, мектеп ішіндегі химия, биология, физика мультимедиялық кабинеттері оқушылардың толыққанды әрі қызықты білім алуына септігін тигізіп келеді.

Клара апайдай еңбекқор да тәжірибелі педагог басқарған мектептің мұғалімдері де осал болған жоқ. Басшыларына ұқсап олар да өз қызметтерінде тек биік белестерді бағындыруға ұмтылды. Соның арқасында, мектеп ұстаздары түрлі сайыстарда жүлделі орындарды иеленсе, оқушылар аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың, ғылыми-практикалық конференциялардың жүлделі орын иегерлері атанды. Ал «Үздік аттестат», «Алтын белгіге» үміткер деп танылған мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғарғы ұпайларды жинап, мектеп базасында алған білімнің зая кетпегендігін дәлелдеп шықты.

Клара Серікқызы жоғарыда көрсетілген еңбегі мен білім саласында жылдар бойы төккен маңдай тері үшін аудандық, облыстық, республикалық дәрежедегі Алғыс хаттармен, грамоталармен, бірнеше мәрте сертификаттармен марапатталды. Қазіргі таңда, ол мектепте химия пәнінен сабақ береді. Сонымен бірге оқушыларды сайыстар мен ғылыми жобаларға дайындап, өз ісінің жетік маманы екенін дәлелдеп отыр. 2010 жылы «Ең үздік менеджер» аудандық байқауында «Зерттеуші менеджер» номинациясын иеленді. 2011 жылы 14 мамырда «Жылыой –Экспресс» қоғамының ұйымдастыруымен өткен Жылыой ауданы пән мұғалімдерінің олимпиадасына қатысып, биология пәні бойынша ІІ орын, 2011 жылғы «Ең үздік менеджер» аудандық байқауынан жүлделі ІІІ орын алып, ақшалай сыйлық алды. «Халықаралық Менделеев олимпиадасы» онкүндігі аясында өткен химия пәні мұғалімдерінің «Үздік панорамалық сабақ» сайысында шығармашылық шеберлігін көрсеткені үшін ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Дәл сол жылы желтоқсан айында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай білім беру саласының өркендеуіне қосқан үлесі үшін облыстық білім беру басқармасының Алғыс хатымен, 2012 жылдың 28 ақпанында өткен

«Жылдың таңдаулы биологы» байқауында кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісін көрсеткені үшін ІІ дәрежелі дипломмен, 2012 жылдың наурыз айында өткен Мәуліт мерекесінде тәрбиелік шараны ұйымдастыруға атсалысқаны үшін Жылыой орталық мешітінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, 2012 жылы «Жылыой ұстазы» газетінде «Қоғамның тірегі –жас ұрпақ» тақырыбында ұйымдастырған мектепішілік семинарда сабағы туралы мақала жарық көрді. 2012 жылы Қазақстан Республикасы ЖШС «Ғылым» баспасының «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» жинағында ол туралы эссе шықты. 2012 жылдың қаңтар айында аудандық педагогикалық оқуға «Денсаулық технологиясы» тақырыбындағы баяндамасы құнды деп бағаланып, наурыз айында облыстық педагогикалық оқудан ІІІ орын алды. «Мұғалім кz» журналының 2013 жылғы №1 нөміріне "Денсаулық технологиясы" атты баяндамасы жарияланды. 2013 жылы қараша айында аудандық «Менеджер-2013» байқауына қатысып, бас жүлдеге ие болды. Облыстық байқаудан ІІІ орын алып, өзінің іскер маман екенін таныта білді. 2014 жылдың 3 ақпаны мен 3 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы біліктілікті арттыру деңгейлік бағдарламалары аясында курстан өтіп келді. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілік аттыру ұлттық орталығы АҚ Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақ хандығының 550 жылдығына мадақтама және төсбелгімен марапатталды. 2015 жылы «Педагогтың кәсіби құзыреттілігі - білім сапасын көтерудің басты факторы» тақырыбындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасы. 2015 жылға қатысты соңғы өзгерістер ескерілген еңбек қатынастарының құқықтық реттеуі» тақырыбындағы оқу семинарынан сертификат алды. 2015 жылы ұстаздар мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, 2016 жылы мамыр айында өткен «Ақ көгершін» ХХІІІ республикалық балалар шығармашылығының фестиваль-конкурсына оқушыларды жоғары дайындықпен қатыстырғаны үшін «Ақ көгершін» балалар қоры президентінің Алғыс хатымен марапатталды. 2016 жылғы 30 қыркүйекте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңғырту шеңберінде сертификат, 2016 жылдың 19 қарашасында «Білім мазмұнын жаңғырту жағдайында орта білім беру ұйымдарының педагогикалық менеджменті» тақырыбындағы курстан сертификат алды. «Елсана» руханият клубының мүшесі атанды. 2017 жылдың наурызында «Қазақстан Республикасының орта білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартын ендіру жағдайында оқу мен оқытудағы инновациялық технологиялардың қолданбалы аспектілері» тақырыбында сертификат, 2017 жылдың наурызында «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі біліктілікті арттырудың Қазақстандық өңіраралық орталығының Мақтау грамотасымен марапатталды. Сол жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2019 жылы қыркүйек айында Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін төсбелгімен марапатталды.

Өмірзақова Клара Серікқызы үнемі нәтижеге жете білетін басшы, көшбасшы бола білді.

Шәкірт санасына білім дәнегін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – кез-келгеннің қолынан келмейді. Бұл - тек Клара Серікқызындай алдыңғы шеп ұстаздардың ғана қолынан келетін ұлы іс. Ауданның оқу-ағарту саласына еңбегі сіңген Клара апай тек іскер басшы ғана емес, адами қасиеті зор, кісілік келбеті жарқын, шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген, мұғалімдермен де тез тіл табыса білетін шебер ұстаз,-дейді ол жайында қызметтес әріптестері.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521