Аудандық орталық кітапханада академик, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына байланысты «Қазақ ғылымының атасы» тақырыбында конференция болып өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Сәтбаевтың өмірін, ғылыми жолын насихаттауды мақсат тұтқан конференцияға мектеп оқушылары мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Иә, Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаған, әрі қазақтан шыққан тұңғыш академиктің өмірінен алар өнегеміз мол. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Сәлима Қабдоллаева қалың оқырманға таныстырған ғалымның өмірбаянынан соны ұғынуға болады. №1 мектептің оқушылары Гүлім Талғатқызы, Сағыныш Манаш, Айсәуле Мақсымдар Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертсе, Шаттық Айтуар, Арайлым Сырым, Бексұлтан Ерланұлы сынды шәкірттер ғалымның әдебиетші, этнограф, математик-педагог ретінде сіңірген еңбегін баяндады. Ыбырай Бекешов, Жалғас Аяғанов, Асылхан Амангелділер академик өмірінің көлеңкелі беттері жайлы тың деректер келтірді. Конференция барысында ғалымның өмірбаянынан үзінді ретінде бейнежазба көрсетілді. С.Қабдоллаева «Қаныш Сәтбаев – алғашқы академик» атты кітап көрмесімен таныстырды. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандағы өкілі Алмаш Мұсқалиева, Мылтықбай Ерімбетовтер «Қаныш Сәтбаевқа» атты арнау өлеңін мәнерлеп оқыды.
Қаныш Сәтбаев туралы айтылған мәліметтер негізінде оқырмандардың біліктілігін байқау мақсатында интеллектуалдық сұрақтар қойылды. Конференцияға қатысушылар шараға белсене араласып, ғалым атамызбен жақсы таныс екендігін көрсете білді. Конференцияны аудандық кітапхана директорының орынбасары Кенже Жапалова қорытындылап, келген қонақтардың барлығына алғысын жеткізе отырып, қазақ тарихындағы айтулы азаматтарға арналған іс-шаралар алға қарай да жалғасын табарына сендірді.
Ерназ Алтайұлы