Жеңіс тұғырындағы жас өнертапқыштар

Археология тақырыбында өткен «Atyrau Regional FIRST Championship» робототехника бойынша халықаралық конкурсының облыстық іріктеу кезеңі өңірдегі ең үздік жас инженерлер мен өнертапқыштарды бір алаңға тоғыстырды.

Аталған байқауда Ақкиізтоғай ауылы №10 орта мектебі оқушыларынан құралған «Akkiiz10» командасы жоғары дайындық деңгейін, жүйелі ойлау қабілетін және шығармашылық көзқарасын айқын көрсете отырып, үздіктер қатарынан көрінді. Нәтижесінде команда Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге және Орта Азия чемпионатының халықаралық квотасына ие болды. Чемпионат барысында қатысушыларға археология тақырыбы аясында нақты инженерлік міндеттер қойылып, роботты жобалау, құрастыру, бағдарламалау және оны тиімді басқару талап етілді. «Akkiiz10» командасы бұл тапсырмаларды сәтті орындап қана қоймай, тарихи деректер мен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, тың шешімдер ұсынды. Бұл олардың тек техникалық емес, зерттеушілік және аналитикалық қабілеттерінің де жоғары екенін көрсетті. Команданың табысты өнер көрсетуіне жетекшілік еткен информатика пәнінің мұғалімі Күлімкөз Сисенова және тарих пәнінің мұғалімі Айгерім Рамазанова. Пәнаралық бағытта жұмыс істеген ұстаздар оқушылардың логикалық ойлауын, инженерлік шешім қабылдауын және тарихи танымын бір арнаға тоғыстырып, жүйелі дайындық жүргізді. Ал өнертапқыштардан құралған команданың құрамында Ержарық Бекмағанбетұлы, Нұрболат Сахи, Әліби Мәтжан, Мерейлім Мүбарак, Мархабат Тұрсын, Айкөркем Сәттіғұл, Ақсезім Түгелбай сынды белсенді, ізденімпаз оқушылар бар.

Байқау жасөспірімдердің STEM саласына қызығушылығын арттырып, практикалық білімдерін шыңдауға, жаңа технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл дода қатысушылар үшін тек жарыс алаңы ғана емес, тәжірибе алмасу, шығармашылық әлеуетті дамыту, командалық жұмысты жетілдіру және халықаралық деңгейдегі жобалармен танысуға жол ашқан маңызды платформа болды. Мұндай байқаулар өскелең ұрпақтың ғылым мен технологияға деген ынтасын арттырып, болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті мамандарды қалыптастыруға негіз қалайды. Алда «Akkiiz10» командасын Астана қаласында өтетін республикалық кезең күтіп тұр. Жас өнертапқыштарға бұл дода жаңа белеске шығуға, өз мүмкіндіктерін кеңінен көрсетуге және халықаралық аренада ел намысын қорғауға жол ашады. Ауданымыздың жас өнертапқыштарына сәттілік тілейміз! 

А.Талапкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT