Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің цифрлық даму бағытына айрықша тоқталды.
Ол ЖИ-дің негізгі күшіне тоқталып, «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.
Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс» деп ойын жеткізген еді.
Бұл бастама қоғам тарапынан да қызу қолдау тапты. Өйткені Мемлекет басшысы жаңа технологиялық қалыпқа бейімделу үшін мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру қажеттігін атап өтті. Әрине, Президенттің цифрландыру бағытын нақты айқындап бергені біз сияқты педагогтер үшін үлкен серпіліс. Цифрлық кодекс қабылданса, саладағы біраз олқылықтар жойылады деп сенемін. Қазір жасанды интеллект тек технология емес, экономиканың, білім мен ғылымның, тіпті мемлекеттік қызметтің де ажырамас бөлігіне айналып отыр. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы – осы бағыттағы нақты қадам деп білеміз. Және бұл бастама еліміз үшін нағыз уақытында басталды.
Айсана Бекімова,
бастауыш сынып мұғалімі