Жасанды интеллект көмегімен білім сапасын жақсарта аламыз

Әлемнің дамыған, алпауыт елдері жасанды интеллект жүйелерінің көмегімен көптеген жетістіктерге жетіп отыр.

Ал бұл жаңашылдық біздің елімізге жас балаша «тәй-тәй» басып, енді-енді қадам басып келеді. Бұған дейін қазақстандықтар үшін қыр-сырын аса біле бермейтін, таңсық жүйе болғанымен оның пайдасының зор екеніне көз әлден жете бастады. Осы үшін де ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдау тақырыбын «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» дей келе осы жүйені барлық салаға енгізу ел экономикасының дамуына зор ықпалын тигізетінін айтты.
Әсіресе, білім саласына бұл жаңашылдық аса қажет. ​«Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді. Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.

Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» - дейді Президент Жолдаудағы сөзінде.

Иә, Президент айтқандай заманауи технологияларды пайдалану жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мектеп қабырғасынан-ақ балаларды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйретер болсақ, болашағымыз үшін маңызды қадамдарды бүгіннен бастап жасаған болар едік. Цифрлық жүйе мен жасанды интеллект арқылы оқушыларға жоғары білім беріп, оқу жүйесіндегі сапаны арттыруға әбден болады. Осылайша, балалардың білім-ғылымға деген талпынысын күшейте аламыз.

Жәнібек Хайроллаев, №19 жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT