Жасанды интеллект – білім саласында

Жуырда №2 жалпы орта білім беретін мектепте «Жасанды интеллект жүйелерін қолданудың тиімділігі» тақырыбында семинар өтті. Серіктес мектептермен бірлескен шарада ұстаздар қауымы кейінгі кезде танымалдылыққа ие «ChatGPT» қосымшасын зерттеп, оқушыларға түрлі семинарлар мен ашық сабақтар өткізді. Оқыту процесінде әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқу материалдарын меңгеру деңгейін жақсартып, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерін қолдану арқылы оқу үдерісінің тиімділігін арттыруды мақсат еткен шарада зерттеуші санатындағы мұғалімдер төбе көрсетіп, кезекпен өз жобаларын таныстырды.

Атап айтсақ, әдебиеттік оқудан Света Ғизатқызы «Халық даналығы ел аузында» және қазақ тілі пәнінен Жансая Алманова «Сөйлемнің бірыңғай мүшелері» тақырыбында жасанды интеллект жүйелерін қолданып, сабақты ерекше өткізді. «ChatGPT» арқылы тақырыпқа сай тест сұрақтарын құрастырған олардың бұл еңбегі шәкірттер көңілінен шыққаны соншалық, оқушылардың сабақ барысындағы белсенділігі жоғары болды. Ал Жанат Шәкірқызының «Мектептегі жасанды интеллект виртуалды көмекші» тақырыбын қамтыған шеберлік сабағы оқушыларға жасанды интеллектінің «ObjectVie wer», «Animal AR 3D Safari», «ARLOOPA» сияқты салаларымен танысуға бағытталды.

Сондай-ақ бастауыш сынып мұғалімі Айсана Серікқызының «Жасанды интеллект құралдары мен платформаларды қолдану жолдары» атты практикалық сабағы оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, бір демде өте шықты. Ол өз сабағында «Dildi» және «Arkyb» секілді жасанды интеллект жүйелерін қолдануды көрсетіп, жасөспірімдердің жаңа жүйеге деген қызығушылығын оята білді. Семинар соңын Лаура Есімханқызы «Біздің болашағымыз – білімді мұғалімдерде» атты тренингпен сәтті аяқтап, қатысушы мұғалімдердің қошеметіне бөленді. Аталған ашық сабақтар мен тренингтер 4-сынып оқушыларының қатысуымен өткен болатын.

Іс-шараны аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Түркешқызы қорытындылады. Ол әр көрсетілген жұмысқа оң бағасын беріп, жаңа жүйе – жасанды интеллектінің ұстаздарға нағыз көмекші құрал екенін баса айтты. Сондай-ақ ол семинарда өз тәжірибесімен бөліскен барша ұстазды аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапаттап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT