Жас техниктердің жеңісті жолы

Қаламыздағы «Жас техниктер станциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі техникалық ойлау мен шығармашылықты ұштастырып, болашақ инженерлерді тәрбиелеп отырған заманауи білім ордасы. Мұнда балалар тек үйірмеге қатысып қана қоймай, жобалаушы, құрастырушы, ізденуші ретінде қалыптасуда. Бүгінде станция техникалық бағыттағы қосымша білім беру саласында қаланың көшбасшы мекемесіне айналды. Аудандық деңгейден басталған жүйелі еңбек қазір облыстық, республикалық, тіпті халықаралық ареналарда жалғасын тауып, жоғары нәтижелерге ұласып отыр. Станцияны білікті басшы, өз ісінің кәсіби маманы Ақмарал Уранвекқызы басқарып келеді. Басшының іскерлігі мен ұжымның бірлескен еңбегінің арқасында мекеме материалдық-техникалық базасын нығайтып, білім сапасын арттырып, дарынды балаларды қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастырды.

«-2025-2026 оқу жылында «Жас техниктер станциясында» 12 бағыт бойынша 1518 бала қосымша білім алуда. Бұл мекеменің сұранысқа ие екенін және халық сенімінің жоғары екенін көрсетеді. Робототехника, көлік, кеме, әуе және зымыран модельдеу, стендтік және алғашқы техникалық модельдеу, фото үйірме, қолөнер, қыш өнері, зергерлік өнер, тігін бағыттары балалардың техникалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға кең мүмкіндік беріп отыр. Мекемеде 21 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 12 жетекші-педагог бар. Әр педагог өз саласының шебері, өте тәжірибелі тәлімгерлер. Олар балалардың бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, бағыт-бағдар беріп, кәсіби бағдар жұмысына ерекше мән береді. Соның нәтижесінде көптеген тәрбиеленуші болашақ мамандығын ерте айқындап, техникалық салаға сенімді қадам басуда. Станцияның басты мақсаты балаларға сапалы қосымша білім беру арқылы олардың техникалық және шығармашылық қабілетін дамыту, еңбекке баулу, ғылым мен өнерге алғашқы қадам жасауына жағдай жасау»-дейді станция басшысы.

Айта кету керек, станцияның жас техниктері бірқатар беделді жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп аудан мерейін үстем етті. 17 қаңтар күні Ақтау қаласында өткен «First Lego League Explorer» сайысында «Best Kulsary», «KulsarX» және «Apex» командалары өз жобаларын сәтті қорғап, республикалық кезеңнің финалына жолдама алды. Ал сол күні ұйымдастырылған «First Lego League Challenge» жарысында «JEM» командасы белсенділігі мен табандылығы үшін «Ынталандыру сыйлығына» ие болды. 31 қаңтар күні Атырау қаласында өткен «Atyrau AITU KazRoboDrone 3.0» іріктеу турнирі де станция үшін сәтті бастама алды. Симуляторлық жарыстарда (Junior, 10–15 жас) Орах Нұр 40.929 секунд нәтижемен жүлделі орынға ие болып, тәлімгері Айса Рахбиевпен бірге республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Сонымен қатар F1N авиамодельдеу бағыты бойынша Кәусәр Ержанқызы, Ғаламат Әлібекұлы және Мүбарак Дауренұлы жүлделі орындарды иеленді. Олардың жетекшісі Қуаныш Шалабайұлы шәкірттерінің табандылығы мен жүйелі дайындығының арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.

Өткен аптада ғана, Жас техниктер станциясының құрамындағы үш команда Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығы алаңында өткен ALEM TECH FEST 2026 халықаралық фестивалінде бақ сынап, үлкен жетістікке қол жеткізді. Бұл Қазақстан мен Орталық Азия кеңістігіндегі робототехника, жасанды интеллект, STEM және инженерлік шығармашылық бағытындағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі. 15 000 шаршы метр аумақта ұйымдастырылған фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Гонконг және Вьетнам елдерінен келген 5000-нан астам қатысушы жиналып, өз жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Ауқымды шарада жас өнертапқыштар өздерінің техникалық шешімдерін қорғап, инновациялық идеяларын таныстырды. Қатысушылар үшін бұл тәжірибе алмасу, халықаралық деңгейде байланыс орнату және кәсіби дамуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болды. Осындай жоғары деңгейдегі бәсекеде Жас техниктер станциясының командалары креативті ойлау, бірлік пен ұйымшылдық, сондай-ақ тың инженерлік шешімдердің арқасында үздіктер қатарынан көрінді. APEX командасы «Collaboration Award» номинациясын иеленіп, тиімді командалық жұмыстың жарқын үлгісін көрсетті. Best Kulsary командасы «Challenge Solution Award» марапатына ие болып, күрделі тапсырмаларға жаңашыл әрі нақты шешім ұсына алғанын дәлелдеді. Ал KULSARX командасы «Strategy Genius Award» номинациясымен марапатталып, стратегиялық ойлау мен жүйелі жоспарлаудың жоғары деңгейін көрсетті.

Бұл жетістіктер жүйелі дайындық пен табанды еңбектің нәтижесі. Робототехника, инженерия және инновациялар аламанында Жас техниктер станциясы тек лайықты өнер көрсетіп қана қоймай, бүкіл Орталық Азияға өз атын таныта білді. Халықаралық деңгейдегі бәсекеде топ жарып, арнайы номинацияларға ие болу жас мамандардың болашағы зор екенін айқын көрсетеді.Жас техниктер станциясының тәрбиеленушілері осылайша еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін танытып, жаңа белестерге жол ашуда. Бұл жеңістер болашақтағы бұдан да ірі жетістіктердің бастамасы екені сөзсіз. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де Қазақстан құрамасы Үндістан елінде өткен The Goa International Robotics Festival халықаралық ашық чемпионатына қатысып, жоғары марапаттарға ие болған еді. Аталған Қазақстан құрамасының құрамында станцияның жас өнертапқыштары да болып, ел намысын абыроймен қорғап, зор жетістікке қол жеткізді. Бұл жетістіктер ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім мен тынымсыз еңбектің нақты жемісі және «Жас техниктер станциясының» әлеуеті зор, мүмкіндігі мол білім ордасы екенін айқын дәлелдейді. Бүгінде бұл мекемеде тәрбиеленушілер болашақ мамандығын саналы таңдаған, инженерлік ойлауы қалыптасқан жас тұлға ретінде өсіп келеді. Әрбір жоба ізденістің нәтижесі, әрбір жарыс тәжірибе алаңы, әрбір жеңіс үлкен мақсаттарға бастар қадам. Құлсары қаласындағы «Жас техниктер станциясы» білім мен жаңашылдықтың, табандылық пен шығармашылықтың тоғысқан ортасы.

 А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT