Жанаш ақынға мектеп атын неге қимаймыз?

2022 жылдың 11 қыркүйегінде аудандық кітапханада белгілі ұстаз, ақын, шежіреші, өлкетанушы Жанаш Нұрмаханның 100 жылдығына арналған кеш болып өткен еді. Оған ағаның 1959-60 жылдардағы, кейінгі шәкірттері қатысып, еске алған.  Сонда Шоқпартоғай ауылындағы ұстаздың өзі қызмет еткен, сол жерде алғашқы ұстаздардың бірі  болған  №3 мектепке  Жанаш ағаның атын беру мәселесі  тағы да қозғалды. Тағы да қозғалды дейтін себебіміз, бұл әңгіме бұған дейін де сан мәрте айтылған еді.  Мораторий,  коронавирус пандемиясы, мектепке ақын, ұстаз атын беруге педагогикалық ұжымның қарсы болуы да мұны жүзе асыртпады деген  пікірлер де айтылды жоғарыдағы кездесуде. Сонда «ұжым жас, белгілі ұстаз туралы жете  білмеген болуы мүмкін» деген пікірлер айтылып, осы мәселені қайта көтеру ұсынылды.

Мен аудандық ағарту саласы ардагерлері ұйымының  төрағасы ретінде 11 қазан 2022 жылы Жанаш ағаның кім болғанын, қандай еңбектері болғанын, лайықты тұлға екенін айтып, №3 мектепке атын беруге ықпал етуді сұрап ұсыныс хат жолдадым. Хатыма жауап ретінде 28.10.2022 жылы  әкімдіктің талабы бойынша хаттама келді.  Ұжымда 70 адам болса, 27 мұғалімнің 24-і мектепке Жанаш Нұрмахан есімін беруге қарсы, екеуі қолдап, біреуі  қалыс қалған.

Жоғарыда айтылған 27 мұғалімнен  тыс 3 зейнеткер Д.Ибрашев, Т.Бимұханбетов, Г.Жарасовалар мектепке Жанаш аға атын беруге қолдау білдірген. Кейбір азаматтар мен мұғалімдер «Әрине, Жәкеңнің де еңбегі бар, бірақ мектеп №3 болып қалғанын қолдаймыз»  депті. Одан кейін сөйлеген мектеп директоры Ж. Оңғарбаева бұл мәселе бұрын да қаралғанын айтыпты.  Енді сол мектепке Жанаш Нұрмахан атын беруге қарсы болған себептер мыналар-мыс. Біріншіден, біздің Жанаш ағамызды «абыз» деп айтқанымыз қисынсыз боп табылады екен. Кейбір азаматтардың ойынша, «абыз» деген атақ кезкелген адамға берілуге тиіс емес. Оған дәлел ретінде хаттамада көрсетілгендей, тарихтан, арабша сөздіктерден мысалдар келтірілген. Белгілі ұстаздың атын мектепке неге беруге болмайды дегенде осыны көлденең тартады. Сөйтіп, ұсыныс хатта менің жіберген қателігім-Жанаш ағаны «абыз» деуім екен.  Ол атақты мен емес, бүкіл ауылдың, Жылыой Атырау халқы бергені бұл жерде ұмыт қалған. Шындығында, «абыз ұстаз, ардагер» деген атақты халық береді, ол ресми дәрежеленетін атақ емес. Ал көзі тірі кезінде Жанаш ағаны халықтың «абыз, ақсақал» деп дәріптегені ақиқат. «Абыз» деген, ғасырға, қоғамына, дамуына қарай баламасы өзгеріп отырады. ҚР Білім беру ісінің үздігі, марқұм Сабыр Ғабдолкәрімов «Кең Жылыойдың абыз ақсақалы Жәкең атақ-дәрежеге, лауазымға, марапатқа кенде емес. Абыз  -  бұл елдің ерекше  сый-құрметінің, сенімінің, ілтипатының куәсі. Әдетте, мұндай атақ терең білімді, кемел ойлы, сөзге шешен, елмен етене сіңіскен, оның мұң-мұқтажына қанық, халықтың жадын, тарихын, мәдени құндылықтарын, салт-дәстүрін жинақтаушы, жанашыры, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, көп жасаған дара тұлғаларға бұйырған»,-деп жазған екен.

Көпті көрген ұстаздың атын мектепке беруге қарсы болғандардың екінші уәжі: «Жанаш коммунистік партия мүшесі болды, дін ұстағандарға қарсы болды. Біреудің әкесін мұсылмандығы үшін  жиналысқа салды» дейді. Кеңес  өкіметінің бір қағидасы: ол кезде  пионер, комсомол, партия мүшесі болу  міндет еді. Шаруашылық саласының озат, еңбекқорлары, басшы адамдар партия мүшесі болуы керек-ті. Бүгінде елге белгілі тұлғалардың көбі бұл бұлжымас қағидадан аттап кете алмағаны даусыз. Ендеше Жанаш ағаны кезінде компартияның мүшесі болды деп бүгінде атын мектепке бергізбеуге мұны сылтау ету қаншалықты орынды?  30 жыл мектепті  жақсылы-жаманды басқарған мен де партия мүшесі болып, сол кездегі саясатқа байланысты «ережесін» орындадық.  Жәкеңнің діни білімі де  ешкімнен артық болмаса, кем емес еді. Оның әкесі, менің әке-шешем де намаз оқумен өмірден  өтті.  Алайда сол кездегі заман ағымына қарай «молда болу міндетті емес, Аллаға  жүрегің таза болса болды» деп іштей тілек тілеп жүрдік.

Мектепке ақын, ұстаз атын беруді қолдамайтындардың тағы бір «уәжі» Жәкең кезінде «Отан соғысы» орденін алған дейді. Ол орден қалай берілген деп  күмән келтіреді. Бұған айтар жауабым: дарынды жазушы Шерхан Мұртаза бір мақаласында «Соғыс басталғанда мен 9 жаста едім. Содан бастап еңбекпен келе жатқан адаммын.  Соғыс біткенде 8 сыныпты оқып жүрген маған «1941-1945 ж Ұлы Отан соғысындағы  ерен еңбегі үшін» медалі берілді.   Қазіргі көп марапаттар ішіндегі ең қадірлісі - балалық  еңбегім үшін алған осы  медаль»,-  депті. 1936-37 ж.  туғандар осы медальді алғаны белгілі. Жанаш  Украина жерінде  әскер қатарында болып келген. Алайда бұған да күмәнмен қарайтындар бар. Олар «ағай тірі кездерінде Жеңісті мерекелегенде, ардагер ретінде не мектептің, не ауыл әкімі ұйымдастырған митингіге, не ауданда ұйымдастырылған шеруге  шыққанын көрмеппіз» деседі. Ал мен көрген жерде Жанаш аға ауданның шарасынан қалған емес. Ауданға қай саладан келген қонақтар болса, қарсы алып, ауданды жан-жақты таныстырып, жақсысын асырып  білгісі келгенін терең білімімен жеткізетін.

Ауданның әр кездегі басшылары Жәкеңді құрметтеген, себебі Жәкең ауданымыздың бетке ұстар  ұстазы ғана емес, сұңғыла шежіре қарты, сөйлесе, тілмәр шешені де, көсемі де бола білген кісі. Қазір Жәкеңнің осы орнын аудан көлемінде жиындарда қарымды қаламгер, ақын Базарбаев Бүркіттің басқанын көріп риза боламын. Ел болған соң осындай ел атынан сөйлейтін азаматтары да болуға тиісті емес пе?!

Әйтеке би «Бет жыртыспай, дау даулай алмайсың» деген. Мен ардагер ұстаз ретінде ешкіммен дауласқым келмейді. Даналар «Білетінің -бір тоғыз, білмейтінің  - тоқсан тоғыз» дегендей, адам өмір бойы ізденуі керек. Бұл сөзді жас ұстаздарға қарата айтқым келеді. Жанаш ағаның өткен жолдарын, елге, болашақ ұрпаққа сіңірген еңбектері туралы аз жазылған жоқ, осы материалдарды тауып оқулары керек.

Жәкең - менің ағайыным, руласым, ауылдасым емес. Ел   қадірлеген, ешкімге жамандық ойламаған, бала,  халық үшін  қызмет қылған аяулы ұстаздың рухын сыйлап, арашалағым келді.  Қазақтың ұлыларын осы уақытқа дейін кімдер қараламады? Күйе жұқты ма? Жоғарыда айтылғандарды кемшілік деп санасаңыздар, мұндай «кемшілік» саясат үстемдік құрған өткен замандарда кімдердің басынан өтпеді? Кемшіліксіз пенде бола ма?

Жанаш туралы кімдер не деді? Түсінікті болу үшін  соған тоқталайын. Республикалық патриоттық, әдеби танымдық «Ұлт болмысы» журналының №3 наурыз 2019 ж. шыққан санын оқыңыздар. Сол журнал «Жанаш Нұрмұханұлы-Кең Жылыойдың абызы» деп түгел бір санын ағамызға арнаған. Ауданның көптеген белгілі адамдары сол журналға аға туралы алғаусыз ақжарма пікір білдірген. Журналдың бас редакторы Гүлжанар Амантайқызы «Жанаш  Нұрмұханұлы - Атырау өңірінің, соның ішінде Жылыой ауданының білім беру саласына ерекше еңбегі сіңген тұлға. Сол өңірдің бүтін тарихының жоқтаушысы  десек болады» деп жазады.

Ал «Қаным - неміс, жаным –қазақ» деген атақты жазушы Герольд  Белгер Жанаш ағаның білімділігі мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегін бағалап,  рахмет айтып арнайы хат жазған. Тағы бірсыпыра адамдардың аға туралы пікірлерін төменде келтірейік:

Қ.Молдағалиев, ардагер ұстаз: Облыстық білім жетілдіру  институтында, аудан, облыс мұғалімдеріне өз пәні бойынша сабақтарды көп жүргізді.  Жылыой ауданының 70-80-90 жылдарына арнлаған энциклопедиясына ел есінде  қалмаған, архивте жоқ құнды деректерді берген.

Т.Бимұханбетов, ардагер ұстаз: Халық педагогикасы,салт-дәстүрі, қазақ тілі туралы жазып елдің рухани қажетін өтеді.  Қазақтың 10 000 мың ақын-жырауы туралы  екі  томдық зор еңбегі бар. Мен №3 мектепке Жанаш Нұрмұханның   есімін берсе, ұрпақ мол тағылым алар еді деп ойлаймын.

Н.Есенәліұлы, ардагер ұстаз: Жанаштың  интелектуалдық биіктігін Хан тәңірімен салыстырамын. Тарихи шежіренің білгірі, ойы түпсіз терең, сөзге шешен,  халыққа, келешекке ұрпаққа  барын берді.

Г.Ерғалиева, ардагер ұстаз: Мені анам жеті жаста мектепке апарды. Оқушылар қатар тұрмыз. Сөз сөйлеген ағай қатарымызға келіп, бәріміздің маңдайымыздан  сүйіп шықты, ол Жанаш  аға екен. Біздің отбасынан ағаға ұқсап сегіз адам мұғалім болдық.

Д.Бөкенов, ақын: Ауданымызды аралауға келген ақын-жазушылар өнер адамдары, ғалымдарды қарсы алуда бас болып Жанаш абыз жүреді. Боздақтар мәліметін жинауда көп үміт Жанаш ағада болды.  Ерінбей іздену нәтижесінде көптеген адамдармен аяқтай барып, ауылдан 177  боздақтың дерегін тапты. Алматыға барып ескерткішін жасатып әкелді.

Жылыойдың атын елге танытқаны,

Жинаудан шежірені жалықпады.

Соғыстан оралмаған боздақтардың

Есімін тасқа жазып анықтады,-дейді шәкірті.

Мелләт Сабырқызы, қоғам қайраткері: Жанаш аға - ұстаз,бала тәрбиелеуде Қазақстанның үлгілі мұғалімі, көп білетін шежіре, ағалық сөзі бар, үлгі етер өнегесі бар азамат.

А.Білбаев, №3 мектеп мұғалімі: Мен қазақ тілі әдебиетінен дәріс берген Жанаш ағайға қатты еліктедім. Әр сабағын бастарда бірде Сұлтанмахмұд, бірде Қасым, бірде Ілияс, бірде Сәкен болып, сол ақындардың өлеңімен бастайтын. Әдебиетші мұғалім атанған кезім - менің ең бақытты кезім. Жанаш аға - аудан, облысқа танымал шежіреші, Республикалық дәрежедегі ұстаз. Сондықтан №3 мектеп аты Жанаш атымен аталса деймін.

Түріктанушы О.Мауленқызы Мандоки: «Сенің барлық  болмысыңнан  қазақ екендігің  аңғарылып тұру керек, жұрт сенен үлгі алсын.  Өйткені қазақ - ұлы халық» дейтін.  Менің көптеген еуропалық тілдерді  білуім, ана тілі мен қазақты айрықша бағалауым - ағайдың тәрбиесінен.

Қ.Қалдыоразов, жазушы: Жанаш  ел тағдырына,  әдебиеті мен мәдениетіне жаны ашып,  тілі мен дініне жүрегі ауыратын, халқына қадірлі, еліне ардақты, қатарына сыйлы, інілеріне сыйяпатты, мерейі биік, мәртебесі асқақ,  төбе би,  абыз атасы болды. Жәкең саналы, зерделі, білімді, білікті, бір дәуірдің энциклопедиясы іспетті жан болды.  Жылыойдың ел басқарған азаматтарының  Жанаш туралы  лебіз білдірмегені, қалам ұстамағандарының  мадақтап жазбағаны жоқ.

С.Шәтенова, ақын, «Кең Жылой» газетінің бас редакторы:  Жанаш атадан кезкелген уақытында не сұрасаң да  дәлме-дәл, қаз қалпында айтып беретін. Газетіміздің  70 жылдығы кезінде басылым туралы мәліметті еш жерден таппай, атадан сұрағанда  көлдей мақала жазып берді.  Сол  негізде  баяндама жасадым. Білмегендерді сұрайтынбыз.   Аға редакцияның анықтама бюросы еді.  Қазіргі ауданымыздағы қолда бар деректердің  көбі - осы білікті абыз  ақсақалдың айтқандары.

М.Ізбасов, қоғам қайраткері:  Жәкең - үлкен білім мен біліктің иесі, қара сөздің  хас шебері. Артына өшпес із, өлмес мұра қалдырды.  Тоқсан жасап, тоғыз ауыз сөз  қалдырмаған әлдекім емес, тоқсан  нарға  жүк боларлық сөз,  үлгі-өнеге қалдырған абыз тұлға,  ақындардың маршалы.

Е.Жиенқұлов,  ұстаз: Жанаш Нұрмұханұлы – біздің мектептің бағына  бұйырған ұстаз, қандай тақырыптарға да энциклопедиялық білімді жан.  Ағайдың «Ұстаз қандай болуы керек» деген  мақаласы  -  еш жерде баламасы жоқ туынды.  Бұл мақаланы әр әдістемелік газет-журнал жылына  бір рет  шығарса, ұстаздарға пайда болады.

Т.Байжұмиев, ардагер: Қадыр айтқандай, «қазақ осы» дейтін тұлға. Мұғалімдердің онымен теңесетіні жоқ. Ауданның бір мектебін, еңбек жолын бастаған №3 мектепке   Жанаштың атын  берген жөн.

Осы айтылған пікір, берілген бағаға мен де ардагер ұстаз ретінде толықтай қосыламын.  Мұғалім ұрпақ тәрбиешісі болғандықтан  балаға кімге қарап үйрен, кімге ұқсап өс дейміз? Біз қарғадан қаршыға, мыстан алтын жасап отырғанымыз жоқ.   Жоғарыдағы азаматтардың туысы, бауыры емес. «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» деп  шексіз дарын иесін айтып отыр. Осы мақаланы қатты қиналып, бірнеше күн  ұйқымнан қалып, ауылдың қарттары ата-аналары, мұғалімдері, аудан жұртшылығы бағасын айтар деген оймен жаздым. №3 деген санмен оқушыларды неге үгіттейміз? Егер Жанаш  аты берілсе, кейінгі ұрпақ оның энциклопедиялық біліміне, сан салалы тәрбиелік бағытынан үлгі алып, ұқсап өсер еді. Жәкең  бір ауылдық округтің мақтанышы емес,  ауданның мақтанышы.  Сондықтан,  ауданның қай мектебіне атын беруге сол білім ордасының ұжымы келісімін берсе де ұтылмайды. Сонда мектеп абыройы артып, балаларына білім мен тәрбие беру аясы кеңейетініне сенімім мол. Қарсы болған жас мұғалімдердің әке-шешесі, ата-енесі Жәкең атын беруді қолдайды деп сенемін.

Өзім болсам, Жәкеңнің шәкіртімін. 1964 жылдан орта мектеп болған Амангелді мектебінде 1965-1986 ж жасадым, 1973 жылдан мектеп  басқардым. Сол жылдарда 3 Социалистік Еңбек Еріне, 2 академик, 2 докторға, 5 кандидатқа білім беріп, қолдарына аттестат ұстатқаныма мақтанамын. Өзімді ұстазыммен  салыстырсам, Жәкеңді дария, өзімді  жылға сезінемін.

«Бет жыртыспай, дау дауламай алмайсың» дегендей, толық айтайын.  Педагогикалық кеңес -  ұйымының жоғарғы органы. Сондықтан 70 мұғалімнің 27-қатысуы - педсовет емес, менің өмірімде  қатыспай қалу 4-5 адаманан асқан емес.

Екіншіден,  қолдап сөйлеген үш зейнеткерге қарсы дәлел айтқан  ешкім жоқ.   Қолдамаған Талбаев  барлығының еңбегі бар дей келіп,   Жанаш атын мектепке беруге  неліктен қарсы  екенін айтпастан «мектептің № 3 болғанын қалаймын» депті. Басқа мұғалім сөйлемеген, тұсына қарсы белгі қойылған. Негізгі мәселе Жанаштың  қарсы болатын кемшіліктерін, атақ бергенде қандай зиян келетінін қатысушылар нақты айтуы керек. Ондай талқы жоқ. Мұғалім толық  қатыстырылмаған, нақтылы талқылау болмаған, жастардың  қол көтеруімен аяқталған.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дейді халық. Дұрыс шешім қабылдағаннан абырой  асып,  ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде алда боласыздар.

Оқырмандар, шәкірттер,  пікірлеріңізді күтемін.

 

Н.Төлеуов,

Жылыой аудандық

 ағарту саласы  ардагерлер

ұйымының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521