Жылыойдың біртуар ақыны, туғанына жетпіс жыл болған Аман Жанкеевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты әдеби сазды еске алу кеші өтті. Аталған кеш Есқайыр Халықов атындағы №7 мектептің кітапханасында өтті. Кешке оқушылар мен арнайы қонақтар қатысты.
«Пәк өлең, айналайын тұнық өлең, Сенімен биіктеймін, іріленем. Аңсаған арман әнін ғашықтардай, Мен сенің қадіріңді біліп өлем» - деп сыр шерткен жылыойлық ақын Аман Жанкеев Ақкиізтоғай жерінде 1953 жылы 26 шілдеде дүниеге келген. Ақкиізтоғай ауылындағы орта мектепті бітіріп, 1969 жылдың 1 шілдесінен бастап, 1975 жылдың 25 қаңтарын қоса «Коммунизм таңы» кеңшары шеберханасында авто-слесарь болып еңбек етті. 1975 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан Компартиясы Ембі аудандық комитетінің саяси-ағарту кабинетіне әдіскер қызметіне тағайындалып, сол жылдың күзінде Кеңес армиясы қатарына шақыртылғанға дейін, ал 1997 жылдың 24 желтоқсанындағы азаматтық борышын өтеп оралған соң, жоғарыда аталған кеңшарда өзінің мамандығы мен еңбек жолын жалғастырған болатын.
Кештің шымылдығын 9-сынып оқушысы Гайдар Абдулгазиз «Ерке сылқым» күйімен ашты. Аман Жанкеевтің өлеңдерін тебіренте оқыған мектеп оқушылары да ыстық ықыласқа ие болды. Кеш барысында келген қонақтар өздерінің естеліктерімен бөлісіп, келешек ұрпаққа ақыл кеңестерін айтты. Әсіресе, туған інісі Әбдіхалық Сисенбердиев Аман Жанкеевтың өмірінен терең сыр шертіп, ағасының өзіне айтқан ақылын өскелең ұрпаққа жеткізді. Ол кісінің дарынды ақындығын және өте кішіпейілділігін сөз етіп, ақ жарқын бейнесін тыңдарманға елестетті. Ақынның өлеңдерін әнмен әрлеген Төлес Қартпаев ақынның сыршылдығын, махаббатқа толы кең пейілін еске алды. Әнші, ұстаз Әсима Жарқынқызы Аман Жанкеевтың сөзіне жазылған «Аққулар қайтып барады», «Құрбы қыздар» әндерін нақышына келтіре орындап, құлақтың құрышын қандырды. Кітапханашы Бөбек Жолдыбаева ақынның өзімен жеке таныс болмаса да, оның шығармашылығы арқылы қалың оқырманға берері көп екенін айтты. Жас ұрпақтың Амандай ақын болуға шақырды. Келесі кезекте Аман ақынның Ұлы Отан соғысының қаһарманы, атақты мерген, №7 мектепке есімі берілген Есқайыр Халықовқа арнаған «Есқайыр мерген» деректі поэмасы негізінде мектеп оқушылары сахналанған қойылым қойды. Жас та болса өздерінің актерлық шеберлігі арқылы кей оқырмандардың жанарына жас ұялатты.
Кеш аясында оқушылар алдынғы буын ағаларының ақылын тыңдап, ақын өмірі мен өлеңінен көп тағылым ала білді. Мұндай берері көп кештер алдағы уақытта да тоқтап қалмайтынына сенеміз.
Ерназ Алтайұлы