Сендерге сағыныш боп мен келемін, Шумақ-шумақ өлең ғой теңдегенім. Мекендеп өскен елміз боз даланы, Менен де сол далада із қалады, - деп қазақтың қара өлеңіне жырдан үкі тағып, өлеңімен өрнек өріп, өлшеусіз із қалдырған – ақиық ақын Аман Жанкеевтің туғанына 70 жыл толуын ауылдастары да айрықша атап өтуде. Ақынның өзі туып-өскен киелі Ақкиізтоғайдағы №10 Амангелді атындағы жалпы білім беретін орта мектепте ұйымдастырылған “Жалындап өткен жас ғұмыр…” атты еске алу, поэзия кеші – соның бір парасы ғана.
Әдеби шараға Аман Жанкеевтің ұрпақтары, көзін көрген замандастары, ұстаздар қауымы, мектеп оқушылары қатысты.
Гүлдеді сенде жастықтың мәуе бақтары,
Өзіңде өтті балалық балғын шақтарым.
Туған жер саған махаббатым мәңгілік,
Арайлап атар жанымның алау ақ таңы.
Арнайын әркез бабалар өткенге мекенге,
Өмірге іңкәр, балапан қанат жырымды, - деп Аман ақын туып-өскен ауылы Ақкиізтоғайға жыр арнаса, домбырасының қоңыр үнімен, күміс көмей даусымен мектебіміздің 9-сынып оқушысы Қобыланова Шұғыла «Ауылым» термесін шырқады.
Сағынышқа толы тартымды кеште Аманның замандасы Мүбәрак Бектембаев ақын жайлы тұщымды ойларын ортаға салды.
– Аман – досқа адал, қарапайым, көпшіл азамат еді. Оның сөйлеген сөзінің өзі өлең болатын. Бала кезінен өлеңге деген құштарлығы ерекше болды. Құрдас болдық, жолдас болдық, дос болдық. Табиғатынан өкпе дегеннің не екенін білмейтін. Сол себептен де болар, Аман өмірден өткен шақта ауыл жұрты түгел аза тұтты. Халықтың ақынға деген махабаты, достарының қимас сөздері біздің Аманның жасындай жайдары мінезінің, бауырмашылдығының арқасы деп білемін.
Ақын Аман Жанкеев жүректен шыкқан жырларын ақ қағазға таңғы шықтай мөлдіретіп:
...Жанашыр досы жырәннің,
Ақындық жолын таңдағам.
Қанаты қатқан қыранмын,
Шыңдарға қарай самғаған,- деп төккен болса, кешке келген мектебіміздің жас қаламгер ақыны Шапағат Жақсығалиқызы «Аман ақынға» арнау өлеңін тебірентті. Сонымен қатар, ақынды еске алу кешіне қатысқан мектеп оқушылары туған жер, балалық шақ, жыл мезгілдері тақырыбында жазған ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Өмірінің ғажап сәттері бейнеленген жырлары расында да тыңдарманның құлақ құрышын қандырады.
2003 жылы Аман Жанкейұлының «Сағыныш» атты жыр жинағы жарық көрді. Оған арқау болған ақынның қызы Сағыныш Жанкеева болатын. Ол кеш үстінде әкесі туралы жан тебірентерлік естеліктерімен бөлісті.
-Әкемнің өмірге деген, өлеңге деген құштарлығы ерекше еді. Көңілімізге жалғыз медеу болар жайт артында оның жарқын бейнесін жадында мәңгі сақтайтын қалың жұрты қалды деп, - жанына ж а қ ы н сағынышқа толы өткен күндерді қимастықпен еске алған қызы Сағыныш апамыз бір сәт көзіне еріксіз жас алды...
Ақын ағамыздың өмірлік жары - Зәуреш апаймен қызметтес болған мектебіміздің ұлағатты ұстаздары Римма Мұқамбетқалиева, Гүлжамиға Шоланова, Зоя Тілеубаева, Нұржахан Өмірзақовалар өткен күннің кереметтей естеліктерімен бөлісіп, кештің мазмұнын аша түсті. Кешіміздің құрметті қонақтары бүгінгі жас ұрпаққа жүрек тебірентер жалынды естеліктер мен көңіл көкжиегін кеңейтер көріністерді еске түсіріп, ақын бейнесін көз алдымызға әкелгендей болды.
Мерейтойлық шараның бастамасы болған басқосуда отты жырларға сусындаған кеш қонақтары алдағы уақытта ақынды еске алуға арналған бұдан да ауқымды шығармашылық кештер ұйымдастырылып тұрса деген ұсыныстарын ортаға салды. Иә, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыр кешсе де, артында мәңгі өлмейтін жырлары қалды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» демекші, ұлттық әдебиемізге өшпестей із қалдырған ақын өлеңдері мәңгі жасай бермек. Бұл кеш Аман Жеңкеев жырларының мәңгілік екенін тағы бір мәрте көрсетті. Өйткені, ақынын құрметтеген халық барда, өлеңнің де ғұмыры өміршең болары айғақ.
Айнұр РАХМЕТЖАНОВА,
№10 Амангелді атындағы
жалпы білім беретін орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі