.
Соңғы жылдары елімізде орта білімнің сапасын жақсарту мақсатында жүйелі түрде жұмыстар қолға алынуда. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынады» деген болатын.
Бұл ретте, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайрус Әнжановаға хабарласып, аудандағы білім саласының жай-күйі жайлы сұрадық. Ол:
– Биыл ауданның білім беру ордалары жаңа оқу жылына толықтай дайын күйде кірісті. Бір қуаныштысы – ауданда үш ауысымды мектеп жоқ. Барлығы екі ауысымды. Жыл сайын аудандағы мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңаруда. Заман талабына сай салынған екі жаңа мектеп бар. Олар – 2019 жылы ашылған Сағыз орта мектебі мен 2021 жылы ашылған Мұқыр ауылындағы №2 орта мектеп. Аудандағы орта мектептер бейнекамерамен жабдықталған. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру бағытында жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, – дейді.
Ал, Мемлекет басшысы айтқан «Жайлы мектеп» аудан бойынша Сағыз ауылында салынады. Алты жүз балаға арналған бұл мектеп заман талабына сай жабдықталған білім ордасы болады. Мектеп «Самұрық-Қазына» қорының демеушілігімен салынбақшы. Қазіргі таңда, Сағыз ауылындағы Абдуллин көшесінен жері белгіленіп, құжаттары дайын тұр. Құрылыс жұмыстары алдағы уақытта басталады.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН