Қалада облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырысымен №20 жалпы білім беретін мектептің жаңа ғимараты бой көтеріп келеді. 180 орындық білім ордасының құрылысы биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Оны мердігер мекеме - “Сұңқар Құрылыс LTD” ЖШС қолға алып, жаңа нысанның уақытында бітуі үшін қарқынды жұмыстар жүріп жатыр.
Иә, бүгінде ауданда мектеп жасындағы оқушылардың тиісті деңгейде білім алып, заман ағымына сай жабдықталған кабинеттерде сабақ өткізуі үшін ауқымды шаралар қолданылып, ел ертеңі – балалардың бос уақытын тиімді өткізетін ғимараттар көптеп ашылуда. Оның бірі - жуырда ғана «Игілік» бағдарламасы аясында халық игілігіне берілген №13 жалпы білім беретін мектептің жаңа оқу ғимараты болса, біз айтып отырған оқу ордасы соның бір жалғасы іспеттес. Себебі нысан құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына қарасты құрылыс бөлімінің бас маманы Ернар Қадырбайдың айтқанындай, заманауи технологиямен жабдықталады.
- Қазіргі таңда монолит құю, яғни бірінші қабаттың қабырға қалау жұмыстары жүруде. Нысан басында 40-50-ге жуық құрылысшы жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, арнайы техникалар жұмылдырылған. Бұл құрылыс жұмыстары негізгі қолданыстағы мектептің қасына жанама салынуына байланысты арнайы қоршаумен қоршалып, қазіргі таңда 24 сағат бойына күзетілуде,-дейді ол ғимараттың құрылысы жөнінде мағлұмат беріп. Ал қазіргі №20 мектептің директоры Мәулім Баймешова:
- Қазір бізде 309 бала білім алуда, 38 мұғалім ұстаздық жолда қызмет көрсетіп жүр. Мектебіміздің жанында бой көтеріп жатқан жаңа оқу ордасы, әрине, біз үшін үлкен қуаныш. Барлық ұжым да, оқушыларымыз да құрылыстың аяқталғанын асыға күтуде. Сондықтан нысан толықтай бітіп, пайдалануға берілсе бірден қоныс аударамыз деп отырмыз,-дейді ішкі сезімін жасыра алмай.
Бүгінде құрылыс алаңынан бір экскаватор, бір жүк тиегіш және бір кран техникаларын көруге болады. Қыстың қытымыр мінезіне қарамастан құрылыстың межелі мерзімде аяқталып, ұстаздар мен шәкірттер тілегін орындауға күш салып жатқан жұмысшылардың ширақ қимылы да олардың келер күнге деген сенімін арттыра түскендей.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ