Жаңа жыл қарсаңында Құлсары қаласындағы «Береке» шағын ауданында бой көтерген 600 орындық жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті. Шараға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Айбек Қрамбаев, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар қатысты. імі Ж.Байрақбайұлы сөйлеп, жаңа нысанның ашылуымен барша жұртшылықты құттықтады:
- Бұл мектеп облыстық Құрылыс басқармасының тапсырмасымен ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында салынды. Мектепте білім алуға барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі өсіп келе жатқан ұрпақтың игілігі үшін істеліп жатыр. Жаңа мектеп балаларға білім алу жолында көптеген жаңа мүмкіндіктер береді деп сенеміз,-деді. «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Айбек Қрамбаев, ата-аналар атынан Талап Бахуовтар ақ тілектерін арнап, құттықтау сөз сөйледі. Ал жаңа ғимараттың символикалық кілтін «АВС Лимитед» ЖШС-ның директоры Берік Даярдиев №13 мектептің директоры Ұлмекен Бөлекбаеваға тапсырды. Ата-ана Қуантқали Сарбасов пен №13 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлшара Жағыпарова жаңа нысанның лентасын қиды. Әжелер шашу шашып, қатысушылар мектеп ішін аралады. Заманауи үлгіде салынған үш қабатты ғимарат А, Б, В блоктарына бөлінген. Яғни, А-блогы үш қабатты, 5-11 сынып оқушыларына арналса, Б-блогында вестибюль, асхана, акт және спорт залы орналасқан. В-блогы: екі қабатты, онда бастауыш сыныптар білім алады.
Сондай-ақ медициналық кабинет, процедура бөлмесі және санитарлық торап бар. Жаңа ғимаратта спорттық, оқушылар демалыс аймағы, оқу-тәжірибелік және шаруашылық аймағы бар. Шаруашылық аймағында қоқыс жинауға арналған, үш жағынан 1,7 м биіктіктегі қоршаумен жабылған алаң қарастырылған. Аумақта сонымен қатар қазандық, трансформаторлық қосалқы станция және дизельді электр станциясы қойылған. Барлық қабаттарда санитарлық тораптар, жеке гигиена бөлмелері және тазалау құралдарын сақтайтын орындар қарастырылған. Мектептің ауласы өте кең, оқушылардың дене шынықтырумен шұғылдануына толық мүмкіндік жасалған. Бір сөзбен айтқанда, мұнда ел ертеңінің жан-жақты білім алуына бар жағдай жасалған. Жаңа білім ордасына қаладағы «Теміржолшылар» ықшам ауданындағы №13 орта оқу орны қоныс аударып, ондағы ұстаздар мен оқушылар ІІІ тоқсанды жайлы мектептен оқитын болады.
П.ТӘЖІ