ЗЕЙІНДІ ЗӘКІРЖАН

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалімі қандай болса, мектебі де сондай. Жиғаны көп, тергені мол ұстаздан тәлім-тәрбие алған шәкірттері де озық ойлы, саналы, білімді ұрпақ болып жетіледі. Сондай білім ордалары біздің ауданымызда да аз емес.

Райса Иманалина басқаратын қаладағы №21 мектеп ұжымы биылғы 2024-2025 оқу жылын осындай ұлағатты ұстаздары мен білімгер шәкірттерінің арқасында толағай табыстармен қарсы алып отыр. Көрсең көзің тоятын, жаның мейірленетін, білімді шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаздың бірі - Гаухар Жарылқасынқызы – мектептің бастауыш сынып мұғалімі. 2015 жылдан бері осы оқу ордасында жұмыс жасап келеді. Шығармашыл ұстаз. Үнемі ізденіс үстінде. Шәкірттері де түрлі аудандық, облыстық байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп жүр. Сондай оқушысының бірі де бірегейі – 4 сынып оқитын Зәкіржан Қайберенов.

Ол 2020 жылы 1-сыныпқа қабылданған кезден бастап ерекше ұғымталдығымен, алғырлығымен, зеректілігімен көзге түсті. Математика пәнін ерекше жақсы көрген. 2-сыныптан бастап түрлі мектепішілік сайыстарға қатысса, 3-сыныпта математика пәні бойынша мектепішілік іріктеуден І орынға ие болып, «Бастау» командалық олимпиадасының аудандық кезеңіне жолдама алды. Ауданнан да №21 мектептің командасы үздік нәтиже көрсетіп (І орын), байқаудың облыстық кезеңіне өтті. Бұл кезеңнен де аудан командасы І орынды иемденіп, республикалық додаға аттанды. Ылғи мықтылар сайысқа түскен республикалық жарыста бұл команда Атырау облысының атын шығарып, жүлделі 3-орынды қанжығаға байлады.

Зәкіржан осы сыныпта ерекше білімділігімен көзге түсті. «Алтын сақа» олимпиадасында да топ жарып, мектепішілік іріктеуден І орынға ие болды. Ауданнан да үздіктер сапынан табылып, облыстан жүлделі ІІ орынды жеңіп алып қайтты.

Биылғы оқу жылы қарсаңында «Алтын сақа» олимпидасының мектепішілік кезеңіне республика көлемінде 247 889 оқушы қатысып, аудандық кезеңге 36 587 оқушы шықса, облысқа соның 5148 оқушысы іріктелген болатын. Республикалық кезеңге 375 бала өтті. Соның қатарында ауданнан үздік нәтижемен облысқа жолдама алған Зәкіржан да бар. Ол 4-сыныптар бойынша облыстық кезеңнен ең жоғары балл жинап, республикалық кезеңге іріктеліп шыққан еді. Биылғы оқу жылы қарсаңында сол оқушылар қатарында білім сайысынан ең жоғарғы жақсы нәтиже көрсетіп, О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің жоғары санатты мате- матика пәнінің мұғалімі, «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығының директоры, математика ғылымдарының магистрі Рысбек Мәуіттің қолынан Құрмет грамота мен бағалы сыйлықтар алды.

Баса айта кетерлігі, олимпиаданың республикалық кезеңінде әр облыс бойынша үздік аудан марапатталса, Зәкіржанның жетістігі, табандылығының арқасында біздің аудан коман- дасы бас жүлдені иемденді. Бұл –– мектебіміз үшін, жалпы ауданның білім саласы үшін үлкен жетістік.

Осыған орай, жаңа оқу жылы қарсаңында асқақ абырой биігінен көрінген №21 мектеп ұжымына, ұстаздарына шәкірт тәрбиелеу ісінде табандылық пен шығармашылық ізденіс тілейміз.

Айна ҚҰРМАНОВА,

№21мектептің қазақ тілі мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT