«Үздіктен үйренген» семинар

Қазақ әндерінің ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі өте зор. Сол мұрамызды өскелең ұрпақтың санасына жеткізіп, ұғындыра білу – осы саладағы ұстаздар қауымының кәсіби шеберлігіне байланысты. Міне, осы мақсатта Құлсары қаласындағы №13 орта мектеп базасында «Үздіктен үйрен» педагогикалық алаңы негізінде музыка пәні мұғалімдерінің облыстық семинары ұйымдастырылды.

Оған облыс орталығы мен аудандарынан 20 мұғалім қатысты. Онда спикер болған ауданның сарапшы-зерттеуші санатындағы ұстаздары шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Атап айтсақ, №23 орта мектептің музыка пәні мұғалімі, педагог-сарапшы Гүлшат Мұқташева «Музыка сабағы арқылы оқушы бойындағы құндылықтарды қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады. Онда қазақтың қара домбырасы туралы түсінік беріп, жеткіншектердің жас ерекшелігіне қарай үш топтан құрылған үйірме ашқанын, күні бүгін Атырау, Ақтау, Алматы қалаларында өз өнерін паш етіп жүргенін мақтанышпен жеткізді.

№1 жалпы орта білім беретін мектептің музыка пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Күләш Шәуменова «Музыка сабағында ұлттық құндылыққа негізделген әдіс-тәсілдер» тақырыбында жоғары деңгейде шеберлік сабағын көрсетті. Онда семинарға қатысушы ұстаздарды «Асықтар» әдісі арқылы топқа бөліп, осы «Асық» тақырыбында ұстаздар арасында тренинг өткізді.Әр ұстазға асық иіру арқылы «Жақсылық жасауға асық», «Білімді болуға асық» сынды жақсы тілектерін айтқызды. Ал «Жаңа идеяға жол» ой қозғау бөлімінде «Құндылық дегенді қалай түсінесің?» сауалына жауап іздесті. «Шолпы» әдісі арқылы әріптерден руханият, мұра, дәстүр, өрнек сөздері құрастырылса, «Ақылдасуда» топтық жұмыстар жасалды. 1-топ Б.Қошмағамбетовтің «Кең жайлау» күйіндегі ұлттық құндылықты тапса, 2-топ әнмен диктант жазды. 3-топқа рөлдік ойын беріліп, «Құрманғазы мен Динаның кездесуін» сахналады. Қатысушыларға тұрмыс-салт әндері, күйлер, халық әндері, халық композиторларының шығармаларынан музыкалық жұмбақ берілді. «Ойланайық» бөліміндегі адасқан сөздерден ән, музыка туралы нақыл құрастырылды. Осы жерде мұғалім өзінің ұстаздық жолындағы кәсіби шеберлігінің оқушының жеке қабілетін дамытуға мүмкіндік беріп отырғанына тоқталып, ұстаздықтың жеңісті шыңы – өзі мен шәкірттерінің жетістіктерімен бөлісті. «Жолың болсын, жолаушы!» сергіту бөлімінде жасанды интеллект арқылы әнмен сабақты қорытындылады.

№19 мектептің музыка пәні мұғалімі, педагог-сарапшы Райхан Қапизова 5-сыныпқа «Өз елім» тақырыбында панорамалық сабақ өткізді. Онда оқушылардың психологиялық ахуалының қалыпты болуына баса мән беріліп, тақырыпты ашу барысында балалармен жеке, топтық, жұптық жұмыстар жүргізді. Күй мен ән тыңдатып, кең даламыздың әсемдігін, табиғаттың сұлулығын бейнелетіп, сабақты оқушылар хорымен аяқтады. Ал №22 мектептің музыка пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Жанболат Молдашев «Жобаны дайындау және құрастыру» тақырыбында сабақ өткізді. Онда оқушылардың музыка пәніне деген құштарлығын оятып, ән әуенімен әуелетіп, нота ырғағымен төмен-жоғары тактқа түсіріп, қатысушы ұстаздарды тамсандырды, сабағы жоғары деңгейде өтті. №15 мектептің мұғалімі, педагог-сарапшы Мақпал Төлеуова «Ұлттық құндылыққа тәрбие бастауы» тақырыбында тренинг көрсетті. Қатысушы ұстаздарды ортаға шығарып, музыка ырғағымен дөңгелете отырып, берілген сұрақтарына жауап алды.

Облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталық әдіскері Дулат Дәлиев семинарды қорытындылап, шараның өтуіне атсалысқан спикерлерді және №13 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымын басқарманың Алғыс хатымен марапаттады. «Үздіктен үйрен» педагогикалық алаңы аясында өткізілген шараның шәкірт жүрегіне рухани тәрбие сіңіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтіні, ән мен күйді ұштастырып шығармашылық жетістікке жетелейтіні оған қатысқан ұстаздардың ақжарқын пейілі мен шарадан алған әсерінен көрініп-ақ тұрды.

К. Әскербайқызы,

№1 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі,

педагог-зерттеуші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT