ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ – БАСТЫ МАҚСАТ

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №726 Қаулысымен бекітілген «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы – бүгінгі білім сапасын арттыру жөніндегі жұмыстардың негізгі бағыттары. Бұл ретте педагог ұстаздар өз шәкірттері үшін үздік білім беру ресурстары мен технологияларына бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етуі керек, ғылым-білім ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамыған дәуірде оқуға құштар білім алушылардың сұранысын қанағаттандыруы тиіс. Бұл ретте аудан көлемінде көптеген жүйелі жұмыстар қолға алынып келеді.

БІЛІМ БӘСЕКЕСІ: ЖҮЛДЕ МЕН ЖЕҢІМПАЗ

Алдымен, айта кету керек, ауданда 20 жалпы орта білім беретін мектеп, 24 балабақша, мектептен тыс 4 мекеме және №2 педагогикалық- психологиялық түзету кабинеті жұмыс жасайды. Өткен оқу жылында 18 903 оқушы білім алып, тәрбиеленді. Мектептер бойынша сапа көрсеткіші – 56,1, үлгерім 100 пайызды құрады. Биыл бір түлек «Алтын белгіге», 30-ы «Үздік аттестатқа» үміткер болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 593 түлек қатысып, орта балл 63,5 болды. Мемлекеттік грантқа 236 түлек ие болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 46 балаға артық. Ұстаздарымыз өскелең ұрпаққа тек сапалы білім мен саналы тәрбие берумен шектеліп қалмайды. Олар өз шәкірттерін пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқауларға қатыстырып, оқушылар білімін сарапқа салып келеді. Соның нәтижесінде 9-11 сыныптар арасында өткізілген жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде біздің аудан командалық есепте жүлделі ІІ орынға ие болды. 7-8 сыныптар арасындағы жасөспірімдердің республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде 3 оқушы, 5-6 сыныптар арасында өткізілген олимпиаданың облыстық кезеңінде 15 оқушы, ал республикалық кезеңде 2 оқушы жүлделі орындар алды. Сонымен бірге, ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық ауыл олимпиадасының облыстық кезеңінде 28 оқушы жеңімпаздар сапынан көрінді. I орын алған 4 бала республикалық деңгейге жолдама алып, нәтижесінде №4 орта мектептің оқушысы III орынды жеңіп алды. «Бастау» республикалық математикалық олимпиадасының кезеңінен №21, №6 жалпы орта білім беретін мектептің 3 және 4 сынып оқушылары Ислам Нұрлыбекұлы мен Аңсар Абдиевтер жүлделі III орынды иеленді. Ал «Алтын сақа» олимпиадасының облыстық кезеңінен 3 - 4 сынып бойынша 9 оқушы, 5-6 сыныптан 6 оқушы жүлделі орын алды. «Зерде» зерттеу жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 10 бала жеңімпаз атанып, республикалық кезеңінен 1 оқушы жүлдемен оралды. «Махамбет оқулары» байқауының облыстық кезеңінен де 5 бала жеңімпаздар сапынан көрінді. Ал республикалық кезеңге қатысқан №3 орта мектептің оқушысы I орынды қанжығасына байлап қайтты. «Pro Eco» экологиялық жобалар конкурсының облыстық кезеңінде «Туған өлке табиғаты» бағыты бойынша жүлделі I орынды иеленген №9 мектептің 6-сынып оқушысы республикаға жолдама алып отыр. Аудандағы Жас техниктер станциясының шәкірттері де жеңісті жетістіктерімен қуантып келеді. Олар Үндістан мемлекетіндегі Гоа қаласында өткен «Teach Cup FIRST Shampionship» халықаралық робото- техника байқауына қатысқан «Жылыой техник» командасы бүкіләлемдік чемпионатта «Team Model» номинациясын жеңіп алып, бүкіл Қазақ елінің абыройын аспандатты. Бұл ретте балаларды осы байқауға баулыған жетекшісі Қуаныш Шалабаевқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл салада педагогтарымыз да жақсы жетістікке жетіп жүр. Айталық білім беру қызметкерлерінің облыстық педагогикалық оқуларына қатысқан 15 педагогтың 8-і жүлделі орынға иеленіп, 3-еуі алғысхатпен марапатталды. «Математикалық регата» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде №19 жалпы орта білім беретін мектептің математика пәнінің мұғалімі жүлделі I орынды жеңіп алып, енді республикалық деңгейде бақ сынайтын болады.

ҚАУІПСІЗДІК – БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

«Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамадағы басты міндеттің бірі - барлық баланы теңдей қолжетімді сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен біліммен қамтамасыз ету. Бүгінде баланы 2 жасынан бастап мектепке дейінгі біліммен қамту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бұл ретте ата-ананың формат таңдауына құқығы бар: үйде, орталықта немесе балабақшада тәрбиелеп оқытуына болады. Қазір аудандағы балабақшада 5089 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектепалды сыныптармен 1647, мектеп жанындағы шағын орталықтармен 319 бала қамтылған. Десек те балабақша кезегінде тұрған балалар да аз емес. Олардың саны - 1822. Яғни, қамту пайызға шаққанда 89,6 % құрайды. Міне, осы мәселені шешу мақсатында «Жылыой ауданын дамытудың 2023- 2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» қосымша жеті балабақша құрылысын салу енгізілді. Ауданда мектептен тыс 4 білім беру мекемесі бар. Оған 4499 оқушы қатынайды. Оқушыларды қосымша білім берумен қамтамасыз етуді көбейту мақсатында «Үміт» жеке меншік орталығы ашылды. Онда 120 бала оқып жатыр. Бұл салада да жеңісті жетістіктер көп, оқушылар халықаралық өнер додаларынан жүлделі орындарды алып, аудан абыройын асқақтатып жүр. Қазақстан Республикасының Үкіметі мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын «дабыл түймесімен», турникетпен, мамандандырылған күзетпен және ішкі істер органының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Міне, осы мақсатта аудандағы білім беру ұйымдарында балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданның барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау камерасымен, турникетпен, мамандандырылған күзетпен қамтылып, 20 мектеп пен 20 балабақшаның «дабыл түймесі» аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қосылды. Ал өткен жылы балалардың қауіпсіздігі үшін қаражат көзі қаралып, заманауи «турникет скут», «металліздегіш», қосымша бейнебақылау камералары алынды.

БАРЛЫҒЫ ДА БАЛАЛАР ҮШІН...

Мектептердің материалдық- техникалық базасын нығайту да – басты назарда. Осы орайда «Республикадағы 1000 мектеп» жобасымен бұған дейін Қосшағылдағы №2 және Жаңа Қаратон кентіндегі №23 орта мектептер «қайта жаңғыртудан» өтсе, биылғы жылы Майкөмген ауылындағы №17 орта мектеп жаңартылып, жаңа оқу жылына дайын болды. Сонымен бірге, аудан мектептеріндегі оқушылар толықтай оқулықпен 100 пайыз қамтылып отыр. 2024-2025 оқу жылында 11 баспамен келісім шартқа отырып, қажетті кітаптар жеткізілді. Соның ішінде, 3-сыныптың бес пәні бойынша, яғни, бейнелеу, еңбекке баулу, ағылшын тілі, орыс тілі, ақпараттық сауаттылық негіздері оқулықтары қайтадан жаңартылып шығарылды. Бұдан басқа, «Ұлттық қордың» қаржыландыруымен қаланың 12 мектебіне «Робот конструктор» жинағы берілсе, «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен №8 орта мектептен «СТЕМ» кабинеті ашылды. Облыстық білім басқармасы Қарағай елді мекенінің аудан орталығынан қашықтығын ескеріп, онда тұратын оқушыларды Құлсары қаласының №19 орта мектебіне тасымалдау үшін заманауи құралдармен жабдықталған арнаулы мектеп авто- бусын сатып алып берді. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар да әрдайым мемлекет қамқорлығында. Қазіргі таңда аудан бойынша 271 ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар бар. Олардың ерекшелігіне қарай ауданда №2 түзету кабинеті жұмыс жасайды. Онда, негізінен, 150 балаға қызмет көрсетіледі. Жақында осы мекемеге «Самұрық-Қазына» қорының демеушілігімен 150 орындық жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Соңғы заманауи үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталған қолдау кабинеттері ашылып, педагог-ассистенттер жұмыс жасайды. Бұдан басқа, аудандағы 6 орта мектепте инклюзивті қолдау қабинеттері де бар. Олар ТШО-ның қаржыландыруымен үкіметтік емес ұйымдардың күшімен ашылған болатын. Өскелең ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, олардың уақытылы тынығуына да жағдай жасау – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл ретте оқушыларды сауықтыру-тынығу орындарына жіберу кезінде әсіресе, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасының балаларына баса көңіл бөлінді. Айталық, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру лагеріне табиғи апаттан зардап шеккен жанұядан шыққан 146 оқушы жіберілді. Олар мамырда 5 лекпен барып қайтса, қалған 35 оқушы маусым мен шілде айларында барып, демалып келді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауданнан 123 оқушыға ауыл сертификатын тапсырса, 136 оқушы шілде-тамызда «Қазақстан геологі» емдеу пансионатына барып қайтты. «Самұрық-Қазына» әлеуметтік- корпоративтік қорының қолдауымен су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласының бүлдіршіндері «Туған елге саяхат» жобасымен 12 күндік саяхатқа шығып, Қазақстан қалаларының тарихи жерлері мен көрікті жерлерін аралап, жақсы әсермен оралды. Бұдан басқа, аудандағы 20 мектептің бастауыш сыныбында білім алатын әлеуметтік осал топқа жататын отбасынан шыққан балалар үшін мектеп жанынан 800 орындық тамақтану лагері ұйымдастырылды. Жалпы оқу ордаларында оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі де толыққанды шешілген. Айталық, аудан көлемінде бастауыш сыныпта оқитын 7937 оқушы бар болса, олардың 1546-і аз қамтылған жанұядан шыққан. Сонда барлығы ауданда 9483 бала ыстық тамақпен қамтылып отыр.

117 МҰҒАЛІММЕН ТОЛЫҚТЫ

Әрине, білім мен тәрбие – егіз ұғым. Ол үшін сапалы кадрлар ауадай қажет. Бұл ретте оқушылар арасында тәртіпті осалсытуға болмайды. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында әр оқу жылының басында іс-шаралар жоспары бекітілді. Нақтырақ айтқанда, қылмысқа бейім оқушыларды анықтау үшін мектептерде психолог мамандардың және сынып жетекшілерінің бірлесуімен зерделеу жүргізіліп, мектепішілік бақылауға алу жұмысы ұйымдастырылды. Тек қылмыс емес, жалпы тәртіп жағынан осал, мәселен, сабаққа кешіккен, дөрекі мінез көрсетіп, жанжалға бейім болған оқушылар мектеп есебіне алынды. Аудан аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында биылғы жылдың ақпан - наурыз айында сағат 21:00-ден 01:00-ге дейінгі аралықта рейд ұйымдастырылды. Оған мектеп басшылары, тәрбие ісі орынбасарлары, ата-аналар комитеті, қоғам белсенділері, депутаттар, әкелер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, аудандық полиция бөлімінің мамандары қатыстырылып, барлығы 200-ге жуық адам шықты. Арнайы кесте құрылып, аймақ 11 секторға бөлінді. Нәтижесінде сағат 23:00-ге дейін көшеден кездескен кәмелет жасына толмаған оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Арнайы ойын клубтары мен дүкендерге, мейрамханаларға, қараусыз қалған ғимараттарға шолу жасалды. Абырой болғанда, оқыс оқиғалар мен келеңсіздіктер болған жоқ. Рейд жұмысы өз нәтижесін берді. Аудан оқу ордаларын маманмен қамту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда орта білім беретін мектепте 1845, мектепке дейінгі мекемелерде 555, қосымша білім беру ұйымдарында 134, барлығы 2493 педагог еңбек етеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің №57 бұйрығына сәйкес 2023-2024 оқу жылында конкурстық негізде 117 мұғалім жұмысқа қабылданды. Соның ішінде «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы бойынша 11 жас маман қызметке орналасты. Сонымен қатар, бар маманның біліктілігін артыру мақсатында өткен оқу жылында 243 педагогті білім жетілдіру курсынан өткіздік. Десек те, биылғы жылы білім беру ұйымдарында 62 маман тапшылығы байқалып отыр. Әсіресе орыс класының мұғалімдері жетіспейді. Сондықтан бұл мәселені шешу мақсатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің және еліміздің басқа да жоғарғы оқу орындарында өткен мамандар жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандарды тарту шаралары алынып жатыр. Мемлекет басшысының 2022 жылғы халыққа Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын орындау мақсатында Құлсары қаласындағы «Атырау» ықшамауданынан 1200 орындық жаңа «Жайлы мектеп» құрылысы басталды. «Жылыой ауданының 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарында» Майкөмген ауылында №17 орта мектепке 300 орындық мектеп құрылысы жоспарланған. Ал «Болашақ» ықшамауданынан 2000 орындық «BINOM» мектебі мен 300 балаға арналған балабақша салынатын болады. Бұл нысандар 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар 300 орындық Білім инновациялық лицейінің құрылысы да жүргізіледі. Өткен жылдың 1 қыркүйегінде Құлсары қаласында №5 Абай атындағы орта мектептің 300 орындық жаңа мектеп ғимараты оқушыларға есігін айқара ашқаны аян. Ол апаттық жағдайдағы бұзылған бастауыш сынып ғимаратының орнына салынды. Дәл сол жылы “Береке” ықшамауданынан 600 орындық мектептің де құрылысы басталды. Ол биылғы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге №20 мектепке 180 орындық қосымша ғимараты салынатын болады. Біздің ендігі мақсатымыз – бойдағы барлық күш-жігерімізді сарқа жұмсап, өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісін жаңаша сипатта дамытып, білім саласын жарқын белеске көтеру.

Гүлжансара ТАҢАТАРОВА,

аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT