«Қыз қылығымен көркем...»

Қыз бала тәрбиесіне қазақ сонау бағзы заманнан ерекше мән беріп келеді.

№3 жалпы орта білім беретін мектепте «Қызғалдақ» қыздар ұйымының жетекшісі З.Бекмағұлова мен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының ұйымдастыруымен зум платформасында «Ерте жастан жүктіліктің алдын алу және қыздар тәрбиесі» тақырыбында кездесу болып өтті.

Оған 8-11 сынып қыз балалары мен олардың ата-аналары, сынып жетекшілері, мектеп психологы Ш.Дуйітова, Жылыой аудандық перзентхана бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Мәмбетова Сәуле Тұрдығалиқызы және Жылыой аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Мұқанова Рысты Жоламанқызы да қатысты. Іс-шараның мақсаты: қыз баланы ұқыптылық пен тазалыққа, үлкенді сыйлауға, өзін-өзі мәдениетті ұстауға үйрету. Сондай-ақ, қазақ халқының әдет-ғұрпы арқылы қыз балаға тән әдептілік, сыпайылық, намысқойлық тәрізді қасиеттерді бойына сіңіру, жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстауға шақыру көзделді.

Конференцияда дәрігер маман қыз баланың жеке бас гигиенасы, ерте жастан жүкті болып қалудан сақтану және оның денсаулыққа зияны, физиологиялық жетілу кезеңіндегі өзгерістер жайлы ақпараттар берді. Құқық қорғау саласы қызметкері баланың бос уақыты көп болған сайын жаман нәрсеге көп ұрынатындығын, түнгі уақытта беймезгіл жүрулері еліктегіш балаларды жамандыққа итермелейтіндігін айтты. Сонымен қатар қыздарды тәрбиелеу мектептегі мұғалімдердің ғана емес, ата-ананың да негізгі міндеті екендігін заң тұрғысында түсіндірді.

Қазақ халқының даналығын қыз баланың бойына сіңіре отырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу – тек ұстаздар ғана емес, алдымен ата-аналардың міндеті екенін естен шығармайық. Жақсы мінез-құлқымен, тәрбиелілігімен, үлкенге деген ізетімен, әдептілігімен ерекшеленетін жасөспірім қыздарды көргенде халқымыздың ұлылығына бас иеміз.

Қыз бала тәрбиесіне қазақ сонау бағзы заманнан ерекше мән беріп келеді. Қыз баланы құрметтеу, төрге отырғызу, оның алдында дөрекі сөйлемеу, ізетті болу, ер-тұрманы күмістелген сұлу жорға мінгізу сияқты дәстүрлі, тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрыптарды атадан балаға мұра етіп қалдырып отырған. Мұның бәрі перзентіне деген ерекше қамқорлықпен қатар, қыз баланың ертеңгі ел анасы, ұлт намысы екенін ойлағандықтан. Сондықтан мектепте қыздар тәрбиесіне айрықша мән беріп отырмыз.

А.ҚАМЫСБАЕВА,

№3 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521