Мектепке дейінгі білім мен тәрбие – адам өмірінің іргетасы. Ол мықты орнықса, ғұмыры да ғибратты болмақ. Бұл ретте өскелең ұрпақтың саналы азамат ретінде қалыптасуы үшін балабақша тәрбиешілеріне жүктелер міндет те орасан. Сондықтан қаладағы «Өркен» бөбекжай-бақшасының басшылығы тәрбиешілердің шеберлігін арттыру мақсатында көптеген жобаны жүзеге асырып келеді. Соның бірі - жақында өткен «Үздік инновациялық-педагогикалық тәжірбие» байқауы.
Оған мектепке білім беру саласында көп жылдар қызмет атқарған тәжірибелі тоғыз тәрбиеші қатысып, бақ сынады. Онда педагогтардың әрқайсысы өздерінің жылдар бойына жинақтаған шығармашылық жұмыстарын көрсетті.
Қазіргі заманғы тәрбиешілерге қойылатын басты талаптың бірі – шығармашылық тұрғыдан епте ойлау қабілетін дамыта отырып, бүлдіршіндерді ойынға баулу арқылы ұлттық құндылықтарға бет бұрғызу. Тәрбиешілер тәжірибесін білім берудің инновациялық қызметінің деңгейінде бағалауды мақсат тұтқан бұл байқауда педагогтар өз жұмысын жоғары дәрежеде көрсете білді.
Нәтижесінде «Мектеп жасына дейінгі балалардың ой-өрісін дидактикалық ойын арқылы дамыту» және «Развитие речи детей через театрилизованную деятельность» тақырыптарында өз шығармашылығын қорғаған Бақтыгүл Бөлтекова мен Гүлмира Өмірзақовалар ІІІ орынды жеңіп алды. «Инновационная исследовательская деятельность Круги Луллия и многофункциональный развивающий коврик» тақырыбында еңбегін ұсынған тәрбиеші Светлана Жалмұрзаева ІІ орынды иеленді. Ал «Новейшее использование инновационного планшета в игре с детьми дошкольного возраста воспитывая в них чувство патриотизма» атты тақырыпта шығармашылығымен танылған Юлиана Новикованың еңбегі үздік деп танылып, жүлделі І орынды жеңіп алды.
Үздіктер арнайы дипломмен, сыйлықтармен марапатталды. Тәрбиешілер Самал Молдағалиева, Жәмила Жұмалиева, Тұрсынай Шаухарова, Әлия Шапеновалар алғысхатқа ие болды.
Салтанат Ысқақова, балабақша әдіскері