Жақында өңірдің 9-11 сынып оқушылары арасында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталған еді. Оған ауданнан жалпы білім беретін пәндер бойынша 33 жоғарғы сынып оқушысы қатысып, 10 бала жүлделі орынмен оралса, 7 оқушы алғыс хатқа ие болды.
Білім додасының қорытындысының сараптамалық бағалауында облыстық білім беру ұйымдары арасында үздік нәтиже көрсеткен аудандық білім бөлімі «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» номинациясы бойынша ІІ орынды жеңіп алды. Ал қаладағы №18 М.Сатыбалдиев атындағы орта мектебі «Үздік олимпиадалық ауыл мектебі - 2024» атанды.
Жеңімпаздар ішінде №6 орта мектептің 11-сынып оқушысы Шынар Тілекованың есімі ерекше аталды. Ол орыс тілі мен әдебиеті пәнінен жүлделі І орынды иеленген еді. Облыстың ұлағатты ұстаздар қауымын терең білімімен тәнті еткен жылыойлық қызға жүлдегер ретінде Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің гранты да қоса табыс етілді. Алтын ұясынан қанат қаққалы тұрған жас түлек үшін бұдан асқан қуаныш бар ма?!
П.ТӘЖІ