Жуырда ауданда «Орыс тілі мен әдебиеті сабағында жасанды интеллект технологиясын тиімді пайдалану» тақырыбында облыстық семинар-практикум өтті. №18 жалпы орта білім беретін мектеп қабырғасында ұйымдастырылған шараға Исатай, Құрманғазы, Мақат аудандарынан тәжірибелі ұстаздар келіп, жергілікті оқушыларға десант сабақ берді. Бұл орыс тілі және әдебиеті пәнінен білім беретін жас мамандардың тәжірибе алмасуына да септігін тигізді.
Шараға қатысушылар, алдымен, қазақ тілді оқушылардың орыс тіліндегі ертегі қойылымын тамашалады. Сахна төрінде өнер көрсеткен №21 мектептің шәкірттерінің өзге тілде еркін сөйлеп тұрғанына таң қалысты. Содан кейін мұғалімдер жасанды интеллектінің сабақ беру барысында қалай қолданылу қажеттілігін сөз етіп, өзара пікір алмасты. Жалпы жиынның мақсаты жөнінде аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова:
- Бұл семинардың негізгі мақсаты – орыс тілі мен әдебиеті пәні сабағында оқушыларға жасанды интеллектіні пайдалана отырып, сабақтың тиімділігі мен білім сапасын арттыру. Аудан көлемінде қазіргі таңда, негізінен, мақсатты 3 мектеп жобасы жұмыс жасап жатыр. 5 мектеп жаңа мектеп жобасымен қызмет атқаруда. Олардың барлығының іс-тәжірибесін негізгі бір жерге тоғыстыра отырып, мұғалімдердің қазіргі таңдағы заманауи теориялық білімін дамытып, әдістемелік шеберлігін арттыру мақсатында семинар өз жұмыстарын ұйымдастырады. Мұндай семинарлар өткізуді алдағы уақытта да жоспарлап отырмыз. Басқа пәндер бойынша да ұйымдастырып, аудан мұғалімдерінің негізгі іс-тәжірибесін басқа облысқа жеткізу ойда бар,-деді өз сөзінде.
Семинарға ауданның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің жас мұғалімдері де қатысып, өзге аудандардың білім беру бағдарламасымен танысты. Олар іс-шара барысында тапсырмалар орындап, білікті ұстаздардың сабақ беру әдісін талқылады. №2 мектептің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Жадыра Жылқыбаева шарадан алған әсерімен бөлісіп:
- Бұл шараға қатысқаныма қуаныштымын. Жиын қызыққа толы болды. Мен семинар арқылы жасанды интеллектінің қыр-сырымен танысып, өзіме көптеген мүмкіндіктер көзін аштым. Біз жас маман болғандықтан тәжірибе алмасу үшін мұндай шаралардың жиі өтуін қалаймыз. Облыстық деңгейдегі жиынның бұл соңы болмаса керек. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,-дейді шынайы пікірін білдіріп.
Жиын соңында орыс тілі пәнінен талай жыл ұстаздық қызмет атқарып, ел алғысына бөленіп жүрген мұғалімдер марапатталып, ұйымдастырушыларға да Алғыс хаттар табысталды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ