Аудан жасөспірімдерінің IT саласындағы сауатын ашып, бағдарламалауға үйрету негізінде бой көтерген бұл орталық жыл басында өз жұмысын бастап кеткен-ді. Балаларға заманауи білім беріп, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған кез келген жобаның ұлт болашағына мол өзгеріс әкелері анық. «Smart School IT» оқу орталығының түпкі мақсаты да – осы. Аталмыш орталық «АтырауТехИнвест» компаниясының бас директоры Сағынтай Мәдениетұлы мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен негізін қалап, бүгінде мектеп жасындағы ұл-қыздардың жаңа салада төбе көрсетуіне мүмкіндік беріп отыр. Мұнда балалар бағдарламалау негіздерін, атап айтқанда «Scratch», «Roblox» секілді визуалды бағдарламалау платформаларынан бастап, «Python» және «Visual Studio Code» сияқты кәсіби қолданбаларды үйрене алады. Сондай-ақ «Figma» қосымшасын меңгере отырып, веб-дизайн саласының қыр-сырымен танысады.
Қазіргі таңда жасанды интеллект жүйесі де оқу орталықтың басты білім көзі болып табылады. Бүгінде оның мүмкіндіктері балаларға кеңінен таныстырылуда. Аудан жасөспірімдеріне арналған заманауи мектептің оқушыларға жасанды интеллект негіздерін үйретіп, болашақта жоғары сұранысқа ие мамандықтарға дайындауда маңызы зор екені анық. Қауіпсіз оқу ордасында білім ала отырып, жаңа достар тауып, әлеуметтік дағдысын дамытуға асығатын кез келген шәкірт үшін бұл орталықтың берері мол. Аудан төңірегінде сұраныс артып, орталыққа қатысушы балалардың көбеюі бұған айрықша дәлел болып отыр. Еліміздің болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың қолдауымен құрылған жобаның жетекшісі Сағынтай Бисұлтановтың айтуынша, орталық "АтырауТехИнвест" компаниясының өз ресурстары мен тәжірибесін пайдалана отырып жұмысын бастаған. Ол өз сөзінде:
- «Smart School IT» оқу орталығы 2024 жылдың қаңтар айында құрылған болатын. Сол кезеңде біз дайындық жұмыстарын жүргізіп, ресми ашылуды сәуір айына жоспарлаған едік. Алайда, Құлсары қаласында орын алған су тасқыны салдарынан бұл жоспарымызды кейінге шегердік. Балаларға IT саласында білім беріп, олардың цифрлық дәуірде табысқа жеткенін қаламайтын ата-ана жоқ шығар, сірә?!
Біз де осы мақсатты нысанаға ала отырып, ауданның білім саласына өз үлесімізді қосуды қаладық. Түптеп келгенде, заманауи технологияға қол созу артықшылық емес, қажеттілік қой,-дейді ол. Бүгінде орталықта екі маман жұмыс жасайды. Олар балалардың сандық сауаттылығын арттырып, болашағын сенімді қалыптастыруда тынбай еңбек етуде. Алғашында ата-аналар мен балалардың IT саласына қызығушылығын тексеру мақсатында тегін сабақ ұсынылады. Көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға арналған 15% жеңілдік бар. Одан бөлек шеберлік сыныбына қатысушылар іс-шарадан кейін тәулік ішінде курс сатып алса, жоба жетекшісі жеңілдік ұсынып, қала халқының қалтасына салмақ салмауға тырысады екен. Орталық келер жылы балаларға арналған бағдарламалау, робототехника және жасанды интеллект бойынша жаңа курстарды өткізуге ниетті.
Сонымен қатар, оқушыларға онлайн форматта да IT саласында білім алуға мүмкіндік беретін қашықтықтан оқыту бағдарламаларын іске қосып, орталықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Жасөспірімдердің білімін арттыратын жобалардың қайсысын алсақ та ел келешегі үшін жасалып жатқан игі іс екенін байқаймыз. Қаламыздың қақ төрінен орын тепкен «Smart School IT» оқу орталығы да осындай маңызы зор мектептің бірі десек, артық айтқандық болмас. Осындай орталықта тәлім алып, жастайынан жасанды интеллект жүйесін меңгеріп, робот жасауға бейімделген жас буынның биік белестерді бағындырып, ауданымыздың атын шығаратыны сөзсіз. Ендеше жоба өз жалғасын таба берсін.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ