Төрт жастағы таланттың толағай табысы

Ауданда ерекше қабілетімен көзге түсіп жүрген балалар аз емес. Солардың бірі - өнерімен көпшілікті тәнті еткен Диас Нұрлан.

Төрт жастағы Диас Нұрлан республикалық онлайн форматта өткен ұлы ақын Абай оқулары байқауында I орынды иеленді. Қазіргі таңда ол "Әсем-2" бөбекжайында тәрбиеленуде. Байқау барысында бүлдіршін өлең жолдарын мәнерлеп оқып, көркем сөзге деген сүйіспеншілігін көрсете білген. Баласының жетістігіне қуанған анасы Жайдары Болатқызы бұл жеңістің артында үлкен ізденіс пен ұстазының еңбегі жатқанын атап өтті:

- Баламның бойындағы дарынын байқап, оны шыңдап жүрген ұстазы Анар Оразбайқызына айтар алғысым шексіз. Ол әр баланың жүрегіне жол тауып, олардың өнерге деген құштарлығын оята біледі. Диас байқауда өзін сенімді ұстап, шығармашылық қабілетін толық көрсете алды. Бұл – ұстазының бағыт-бағдары мен сенімінің нәтижесі, – дейді анасы.

 Расында да, бала жүрегіне жол табу үлкен шеберлік. Тәрбиеші Анар Оразбайқызы бүлдіршіндердің әр жетістігі – ортақ еңбектің, мейірім мен төзімнің жемісі екенін айтады:

– Балалар – біздің ең үлкен байлығымыз. Олардың әрбір жетістігі – өздерінің дарынымен, өнерге деген махаббаттың жемісі. Диастың жеңісі – ортақ еңбектің нәтижесі. Болашағынан зор үміт күтеміз, – дейді ұстаз.

Осындай жетістіктер балабақшаның мерейін арттырып, тәрбие мен білім берудегі жүйелі жұмысының жарқын көрінісі. Бүлдіршіндердің жетістігі – отбасы мен ұстаз арасындағы тығыз байланыстың, балаға деген мейірім мен сенімнің жемісі.

Кейіпкеріміздің арманы өскенде халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерге қатысып, таланты мен табандылығының арқасында биік белестерді бағындыру. Ол тек жетістікке жетуді ғана емес, ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды әлем ареналарында асқақтата желбіретуді мақсат тұтады. 

А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT