«Еркем–ай» бөбекжай бақшасында ұлттық тәрбиеге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Тәрбие – тал бесіктен» атты «дөңгелек үстел» өткізілді. Шараны ұйымдастырушы тәрбиеші Бөбек Шөменованың бастауымен «дөңгелек үстелге» бүлдіршіндердің аналары шақырылды. Мұндағы мақсат: «Біртұтас тәрбие» жүйесінде балабақшадағы тәрбиеші мен аналар арасындағы коммуникацияны нығайту, бала тәрбиесіне қатысты тың ақпараттармен бөлісіп, аналармен тәжірибе алмасу. Аналарды қазіргі таңда ұмытылып бара жатырған, тәрбиелік мәні зор қазақи салт-дәстүріміздегі әдеттермен ақпараттандыру, анамен арадағы байланысты нығайтып, қыздардың мінез-құлқы, оларды тәрбиелеу жолындағы лайф-хактармен бөлісу. «Дөңгелек үстел» тәрбиенің маңызы, адам бойындағы ең асыл ізгі қасиеттерді қалыптастыруда ұлттық құндылықтарды қыз баланың жадына қалай сіңіру керек екендігі туралы аналарға алғы сөз айтумен басталды.
Балабақша меңгерушісі Айгүл Дәрібаева сөз алып, қыз тәрбиесі туралы өз ойымен бөлісті. Тәрбиеге қатысты мақал-мәтелдер жасырылып, аналардың білімі сынға түсті. Кейін қыз тәрбиесі, баланы тәрбиелеу жолындағы өз ой-пікірлерін ортаға салып, сөз алмасты. Психолог Қанипа Сейтуова өз тәжірибесімен бөлісіп, аналардың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Шараның негізгі бөлімінде аналар бірге ою құрастырып, ұмытылып бара жатқан тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді бір еске түсірді. Соңғы бөлімде «Құлыншақ» тобындағы бүлдіршіндердің аналары бүгінгі «дөңгелек үстел» туралы өз ойын жеткізсе, басқа топтың қатысушылары да кері байланыс жасады.
Амангүл Өтенова,
әдіскер