Тіл құдыреті

Құлсары қаласындағы №19 мектепте «Тіл құдіреті» атты кездесу кеші болып өтті. Оқушылар Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, белгілі ақын Сәулеш Шәтеновамен жүздесті.

Мәдени-танымдық іш-шараның мақсаты – ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толық мәлімет беріп, оқушылардың поэзияға, Отанға, тілге, мәдениетке, қазақ халқына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Зал іші көрнекті етіп безендіріліп, тақырыптық слайд, шар, автордың кітаптары қойылды.

- «Тіл-ұлттың жаны» атты қазақ тілі, ағылшын мен орыс тілдері бірлестіктерінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан онкүндік аясында елімізге танымал тұлғамен сұхбат жүргізуді жөн көрдік. Біздің қазақ елі киелі, ұлы тұлғаларға кенде емес. Солардың бірі - жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып, қиялға қанат сермеген ақын қыз Сәулеш Шәтенова. Алдымен деректерге кезек берсек,- деген жүргізушінің сөзінен кейін арнайы слайд көрсетіліп, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» Сәулеш Тәжіқызының өмірі мен шығармашылық жолы жайлы сыр шертілді.

Өлеңдері Қазақ поэзиясы антологиясының 100 томдығына еніп, республикалық «Аудитория», «Қос ішек», аймақтық «Ақ шағала» «Жылыой қаламгерлері» жыр жинақтарында жарық көрген, «Сәулелі сәт», «Күн тозаңы», «Алыста қалған Ауғанстан» атты жеке жыр кітаптары шыққан.

Кездесу қонағына «Ақындық жолыңыз қашан басталды?», «Осындай дара жолда табысқан, танысқан өзіңізге ұстаз болған, үлгі болған адамдар көп шығар? Өмірдегі ұстазым, өнердегі ұстазым деп кімді танисыз?», «Ақындықпен қатар журналист мамансыз, оның қандай қызығы мен қиындықтары бар? «Ақындық пен журналист бір-бірімен үндесіп жатқан ұғым» дейді, сіздің ойыңызша екеуін де қатар алып жүруге бола ма, әлде әрбіреуінің өзіндік қыр-сырын меңгеру керек пе?», «Ақын қай кезде де ұлт жанашыры, тіл қорғаны іспеттес. Сонымен қатар, журналистік тұрғыдан қарағанда қазіргі кезде мемлекеттік тіліміздің дәрежесі қандай деп ойлайсыз?» деген маңызды сауалдар да қойылды.

Кездесуде оқушылар Шахноза Бағытжан қаламгердің «Абай өлеңі», Арайлым Иван «Жұлдыздар» атты жырларын, ал Іңкәр Серік Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі» өлеңін оқыды. Көркем Еркінқызы «Ерке сылқым» күйін шертіп, өзге де шәкірттер музыкалық аспаптарда ойнап, кештің шырайын келтірді.

Кешті қорытындылаған мектептің директоры Күләш Шығанбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алуа Тілеубергенова ақын шығармашылығы жайлы тебірене сөйлеп, ақынға құрмет көрсетті.

П.ЖАУЫНБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT