Мен 1942 жылдың 3 қарашасында Атырау қаласының (бұрынғы Гурьев) «Еркін қала» колхозында дүниеге келдім. Әкем - майдангер, 1945 жылы елге аман-есен оралғасын қаладағы пошта торабындағы қызметін жалғастырды. Соғысқа дейін де Айранкөлдегі байланыс бөлімшесінде қызмет атқарған ол 1949 жылы облыстық пошта басшысының ұйғаруымен Жылой ауданының Қаратон поселкелік пошта бөлімшесінің меңгерушісі қызметіне ауысты. Содан 1950 жылы осы елді мекеннен алғаш мектеп табалдырығын аттадым. Менің әйгілі күйші, дүлдүл домбырашы Тоқсанбай Құлтумиевпен таныстығым осы оқу ордасында басталды.
Мен бала кезімнен домбыраға құштар болып өскен едім. Үйде Қазтұрған деген тәтемнің өз қолынан шыққан қазақы домбырасы бар. Күй шертіп білмесем де, сол қазақтың қос ішекті қоңыр аспабын үйдің ішінде дыңғырлатып тартып жүретінмін.
Тоқсанбай Құлтумиев Қосшағыл орта мектебін бітіріп, Қаратонға келіп өндірісте жұмыс жасады. Уақыт өте келе денсаулығына байланысты кәсіпшіліктен қол үзіп, мектепке мұғалім болып орналасты. Міне, осы сәттен бастап ұстазымыз домбыра үйірмесін ашып, бойында талабы бар оқушыларды қазақтың ұлттық аспабында ойнауға үйрете бастады. Бұл менің өнерге деген құштарлығымды арттыра түсті. Көп ұзамай, үйірмеге қабылданып, Тоқсанбайдың алғашқы шәкіртінің бірі болдым. Осылайша тұлғалы тума таланттан тәрбие алып, өнердің алғашқы әліппесін меңгердім. Бұл, ұмытпасам, 2-3 сынып оқып жүрген кезім.
Даладай дара дарынды дүлдүл домбырашы Тоқсанбай Құлтумиев туралы не айтуға болады? Ол қазақтың қоңыр үнді қара домбырасының құлағында ойнайтын өте талантты күйші әрі шебер ұйымдастырушы еді. Жанына домбыраны серік еткен өзі секілді талантты жастарды жинап, ақыл-кеңесін де аямайтын. Құмар Хасанов, Ғадауат Тұқпатов сынды өнер иелері әркез қасынан табылатын. Олардың қатарында мектеп мұғалімі Қалиқан Қабдығалиев, оқушылар Матай Берқалиев, Олжау Тайшиев, Байқаден Құлғазиевтер және басқалар да жүретін.
1957-1958 жылдары Жылой ауданының өнерпаздары облыс орталығына шығармашылық есеп беру кешіне барды. Оның құрамында Қалихан Қабдығалиев ағайымызбен бірге өнерлі он шақты оқушы болдық. Бұл уақыт Сейілхан Құсайыновтың Гурьевке жаңадан келген кезі болса керек. Сонда Тоқсанбай мені Сейілханға таныстырып: «Менің шәкіртім» дегені әлі есімде. 1958 жылы Москвада Қазақстан мәдениеті мен өнерінің онкүндігі өткені тарихтан белгілі. Міне, осы үлкен дүбірлі додаға Тоқаң мені де алып кетпекші болды. Бірақ бір себептермен ол жаққа барудың сәті түспеді.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, мен де Тоқаң секілді домбырада жақсы ойнадым. Оның үйреткен күйлерін демде қағып алып, өзіне қайталап орындап беретінмін. Тоқсанбай болса мені мақтап, жұрт алдында көтермелейтін. Кейіннен ол поселкенің «Мұнайшылар» клубына қызметке ауысып кетті.
Қаратон - мұнай өндірісінің қайнаған жері, өнім өндіру көрсеткіші жөнінен ауданда алдыңғы орында тұрды. Сондықтан өзге ұлттар, оның ішінде орыстар көптеп қоныс тепті. Міне, сондай ортада Тоқаңның бастауымен ұлттық өнерді насихаттаған түрлі үйірмелер, оркестр мен хор құрылды. Оркестрге, әрине, өзі жетекшілік етсе, хорды Борис Степанович деген кісі басқарды. Сол өнер ұжымымен бірге облыс сахнасында талай концерт қойып, Атырау халқын думанға бөледік. Бұл ретте Тоқсанбайдың қасиетті Жылой өлкесінің өнерін өркендетуге қосқан үлесі зор, еңбегі орасан дер едім.
Ол тек қана күйшілікпен шектеліп қалған жоқ.Тоқсанбайдың тұла-бойы тұнып тұрған талант еді. Қамшының сабынан да қысқа ғибратты ғұмырында ол барын сыртқа шығарып кетуге ұмтылды. Соның бірі – композиторлық қыры. Біраз әндерін Тоқаң сол Қаратондағы «Мұнайшылар» клубында қызмет атқарып жүргенде шығарып, мұнайшылар мекенін әсем әуезді сазымен тербетті. Егер денсаулығы жеткізіп, мына өмірден құйрықты жұлдыздай ерте ағып түспегенде, сөз жоқ, қазіргі республикалық деңгейдегі талай танымал тұлғалармен иық тірестіріп тұрар еді, шіркін! Бірақ, амал қанша...
1960 жылы Тоқсанбай аудан орталығындағы мәдениет үйіндегі қызметіне шақырту алып, өнердегі еңбек жолын Құлсарыда жалғастырды. 1961 жылдың қыркүйек айында мен әскер қатарына шақыртылып, әскери комиссариаттың алдында Тоқаңмен кездесіп қалдым. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Жассың ғой, барып кел! Отанды қорғау – ер-азаматтың борышы» деп батасын беріп, шығарып салғаны бар. Бұл екеуміздің соңғы кездесуіміз екен. Мен елге оралғанша ұстазым бақилыққа аттанып кете барды.
Өнер жолындағы ұлағатты ұстазым болған тұғырлы Тоқсанбайдың таудай тұлғасы әлі күнге көз алдымда!
Қуан Мұқтарұлы,
еңбек және кәсіподақ саласының ардагері