Ұстаздар тарыққанға қол ұшын беруде

Мектеп ұстаздары осыған дейін де қайырымдылық жасап, көптің алғысын арқалап келді.

Қазіргі төтенше жағдай кезінде ауданның бетке ұстар кәсіпкер азаматтары ғана емес, кейбір мектеп ұстаздары мен түлектері, ата-аналар да бірлесіп, тұрмысы төмен жандарға қолдан келген көмегін беруде.

№7 Е. Халықов атындағы орта мектебінің ұстаздары республикалық «Біз біргеміз!» акциясында осы оқу орнында балалары білім алатын көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларға қолдау көрсетті. Олар 7 отбасына 93 000 теңгенің азық-түлігін алып берсе, бір жанұяға тегін бетперделер мен тамақ апарып берді.

Ал 8 «в» сынып жетекшісінің ұйымдастыруымен қашықтықтан оқыту кезінде қиындық көріп жүрген екі оқушы сол сынып ата-анасының демеушілігімен 80 000 теңгенің «Самсунг» смартфонына ие болды. 7 «а» сынып жетекшісі болса, екі жанұяның тегін азық-түлік пен бір қой етімен қамтылуына ұйытқы болды. Мұнда да ерікті ата-аналар көмекке келген еді.

Айта кету керек, мектеп ұстаздары осыған дейін де қайырымдылық жасап, көптің алғысын арқалап келді. Нақтылап айтсақ, педагогикалық ұжымның ұйытқы болуымен мектепте жұмыс жасайтын жалғызбасты анаға науқас баласын емдетуге қаржы жинап берген-ді. «Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы» дегендей, ұлағатты ұстаздарынан үлгі-өнеге алған 11-сыныптың үш оқушысы мен мектептің өткен жылғы және 2004 жылғы түлектері оқу орнында еңбек ететін екі жанұяға 35 000 теңгенің азық-түлік тағамдарын алып берді.

Осы қайырымдылық шараларына риза болған қарапайым халық ұстаздар мен мектеп түлектеріне жүрекжарды алғыстарын жаудыруда.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521