ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Бұл заң мұғалімнің мерейін өсіріп, беделін арттыруға бағытталған. Бүгінде Президенттің Жолдауынан туындаған тапсырманы бұлжытпай орындайтын да осы ұстаздар қауымы. Соның ішінде бірден-бір ұйым – бұл кәсіподақ комитеті. Әрбір білім ордасында қызмет ететін кәсіподақ комитеті түйткілді мәселені шешуге, ұстаздар тарапынан түскен өтініш-талаптарды мүмкіндігінше заң аясында орындауға, әлеуметтік-экономикалық мүдделері мен құқықтарын қорғауға жұмыс істейді. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымы ұстаздың жасаған еңбегіне, парасатты сара жолына алғыс айтып, марапаттаудан да еш айныған емес. Міне, осындай саяси, экономикалық, шығармашылық саланың басын бір арнада алып жүру – кәсіподақтың кәсіби міндеті.

Білім күні қарсаңында ауданымызда қызмет етіп жүрген бірқатар ұстаздар кәсіподақ ұйымының атынан білім саласына қосқан үлесі үшін марапатталды. Шарада сөз алған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық одағының аудандық филиалының төрайымы Гүлайым Төребекова атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Сонымен қатар, алдағы жоспарымен бөлісіп, ұстаздардың еңбегінің ерен екенін айтып, айтулы мерекемен құттықтады.

Мерекелік жиынға «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы арнайы қатысты.

-Бүгінде кәсіподақ ұйымы көптеген игілікті істерге ұйытқы болып, білім және ғылым саласындағы мамандардың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында бірқатар жұмыстар жасауда. Кәсіподақ осы жылдар аралығында мемлекеттік міндеттемелер мен бағдарламалардың нақты жүзеге асуына мүмкіндігінше атсалысып келеді, – деп атап өтті ол.

Қылышбай Сүндетұлы осы салада ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, ұстаздық міндетті абыроймен атқарып, жетістіктерге жетіп және қоғамдық өмірге де белсене араласып жүрген ұстаздарды арнайы Алғысхатпен марапаттап, ізет көрсетті. Атап айтсақ, «Айналайын» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Айкен Аманшина білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін арнайы төсбелгімен наградталды. Сондай-ақ, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одақтың Құрмет грамотасымен Құлсары балалар өнер мектебінің директоры Гүлмаржан Қанжанова және №9 орта мектептің мұғалімдері Сара Станова, Нағима Сыдықова, №10 мектептің ұстазы Гүлжамиға Шоланова мен «Құлыншақ» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Жанат Қабақова ұлығыланды. Келешек ұрпақтың қалыптасуында аянбай тер төгіп жүрген мәртебелі мамандық иелері өздеріне көрсетілген сый-құрметке риза болып алғысын білдірді.

Одан әрі, ұстаздармен еркін әңгімелесу мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосуда сала мамандары жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға байланысты көптеген істерді атқарып келеді. Соның ішінде іскерлік қарым-қатынастар әлеуметтік серіктестік негізінде, жеке келісімдер, аймақтық келісімдер және ұжымдық шарттар арқылы жүзеге асуда. Ұжымдық шарттарда жалпы кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін барлық жеңілдіктер мен кепілдіктер, кәсіподақтар жұмыскерлердің мүддесіне қатысты барлық мәселелерде өз пікірлерін білдіріп, оң шешім табуына атсалысып жүргенін атап өтті.

Сондай-ақ, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық одағының аудандық филиалының төрайымы Гүлайым Төребекова қазан айында республикалық көлемде үлкен іс-шара өткізетінін хабарлады. Оған КСРО халық мұғалімі Құсайын Айтқалиев пен Астана қаласынан арнайы қонақтар қатысады деп күтілуде. «Мұндағы мақсатымызұлағатты ұстаздың ілімін дайындау және ұстаздардың шеберлігін арттыру.

Өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөліскен ұстаздар бағытымыз белгілі, мақсатымыз айқын болған кәсіподақ саласындағы ісіміз оң, абыройымыз асқақ болсын деген тілекпен тарқасты.

Айнұр МАХАМБЕТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521