«Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет»

Әрбір адам болашағының бақытты, келешегінің кемел болуы үшін сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие қажет. Ал тәуелсіз еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті тұлға етіп қалыптастыруда мұғалімнің орны ерекше. Өйткені, адам бойындағы ең асыл қасиеттерді жастардың санасына дарытатын – ұстаздар қауымы.

Міне, осындай парасатты педагогтарды дәріптеп, құрметтеу мақсатында Құлсары қаласындағы №21 жалпы орта білім беретін мектептің 1-сынып бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет» тақырыбында бастауыш сыныптың ардагер ұстаздарымен кездесу кеш өтті. «Дара жол» бағдарламасының нақышымен жүргізілген кездесуге осы салада ұзақ жылдар қызмет атқарған бастауыш мектептің мұғалімдер қауымы қатысты. Атап айтқанда, Сәуле Ермағанбетова, Айжамал Әміржанова, Күлара Өмірзақова және отыз жылға жуық бастауыш сыныпта дәріс берген, күні бүгін мектеп басшысы қызметін де абыроймен атқарып жүрген Райса Иманалиналар қатысты.

Ардагер ұстаздарға арналған әдемі кешті бастауыш сынып мұғалімдері Ақмарал Алдоңғарова мен Ақмарал Төлепова жүргізді. Олар ұстаздардың өмірі мен еңбек жолымен таныстырып, кеш иелері мол мағлұмат берді. Гүл шоқтарын ұсынып, сахна төріне сұхбаттасуға шақырды. Ең алдымен, осы мамандықты не үшін таңдағаны туралы айтып, алғашқы еңбек жолы жайлы сұхбат берді.

Кездесудің І кезеңінде ардагер ұстаздар экранда көрсетілген 16 түрлі түсті есіктерде көрсетілген ЖИ платформасы арқылы сөйлеген мұғалімдердің қойған бірнеше сауалдарына жауап берді. Олар: «Ұстаздық қызмет сізге не берді?», «Ең алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме?», «Сізге қазіргі заманауи сабақ түрлері ұнайды ма?», «Тоқшылықта өскен балалар дүние қадірін біледі ме?», «Өзіңіз мақтан ететін оқиға қандай?», «Бастауыштың керегесі, босағасы, тұтқасы неде деп ойлайсыз?». Ал ІІ кезеңдегі «Құпия» айдарымен әр ұстаз өзіне берілген фотосуреттердің нені еске түсіретінін ойға оралтып, өткен шақтарға шолу жасады.

Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері атанған ардагер ұстаздар алғашқы еңбек жолын ұстаздық сара жолдан бастағанын, ел ертеңі - жас жеткіншектердің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, тұлғалы азамат етіп қалыптастыруға зор үлес қосқанын жарыса әңгімелеп, әдемілеп жеткізе білді. Жүздерінен шуақ, сөзінен жылылық төгіліп тұрған ұлағатты мамандық иелері өнегелі өмірі мен еселі еңбек жолынан сыр шертіп, шараға қатысқан жас мұғалімдер қауымына үлгі-өнеге көрсетті. Жас мамандарға тамаша кеңес беріп, ұстаздық жолына сәттілік тіледі. Кеш соңын «Жақсы адамдарым» әнімен аяқтады.

Кавказ халқында «Тауға жақындаған сайын оның биіктігін түсінесің» деген мәтел бар. Осы керемет сөз біздің ардагер ұстаздарымызға қаратып айтылғандай. Оларды тани түскен сайын таудай тұлғасы асқақтай түсетіндей. Оны сіз бен біз жақсы білеміз. Қастерлейміз, құрмет тұтамыз және мақтан етеміз!

Ақмарал Жалғасқызы,

№21 орта мектептің бастауыш сынып оқу ісі меңгерушісінің орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT