Ұстаз еңбегі ұдайы ұлықталса...

Бұл мұғалімдерге біраз күш-жігер береді, шәкірті үшін, жанұясында мақтаныш.

Әр адам ақыл толыстырып, білімін шыңдау жолында бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол - ұстаз. Ұстаз - бұл дүниеде ілмегенді ілдіретін, білмегенді білдіретін, санаға ақыл ұялататын, арманды алдан қиялататын, өмірді ұғынуға себеп, тірлікке кірігуге көмек болатын, шәкіртін өмірге баулушы, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші ата-анадан кейінгі жанашыры және ақылшысы.

Мұғалім мамандығы қашанда зор құрметке ие. Өйткені ұстаз мемлекеттің саясатын жүргізіп, халқын оқытушы. Адамзат ұстаздан дәріс алып, тәрбиеленіп мамандықтың негізін қалайды. Белгілі ақын шежіреші ұстаз Жанаш Нұрмахан «Менде оқыды космонавт та шопан да, Менде оқыды Президенттің өзі де» - деп шопан мен космонавтың арасындағы мыңдаған мамандық иелерімен бірге елбасқарушылар, небір ғалымдардың бәрі ұстаз алдынан өткенін айтады. Сондай –ақ пайғамбарымыз(с.ғ.с.) хадисінде: «Бір сағат ілім үйрету – бір түнгі ғибадаттан артық, ал бір күндік дәріс он төрт ай ұстаған нәпіл оразадан абзал» - депті. Ұстазға ауызша мақтаулар, шәкірттердің арнауы жеткілікті. Бірақ зейнетке шығарда кейбіріне мемлекет тарапынан марапаттар жетіспей жатады. Менің ойымша ұстаз орден-медаль үшін жұмыс істемейді, ол туралы ойламайды да. Дегенмен ұстаз еңбегіне байланысты қаражатты қажет етпейтін ұсыныс, бұйрықпен берілетін марапаттар бар екен. Осы уақытқа дейін мен де білмейді екенмін, мен сияқты басқалар да білмейді деп осы мақаланы жазып отырмын.

Оны 20 қазан 2020 жылғы «Жас Алаш» газетінен №84 санында түркістандық Б.Тоғызовтың мақаласынан білдім. Ол мұғалім 1-ші «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, 2-ші «ҚР білім беру ісінің үздігі» медалі, 3-ші ҚР білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі , 4-ші «Еңбек ардагері» медалі, 5-ші «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» белгісімен марапатталған екен. Бұл марапаттар туралы мәліметтер интернетте де бар.

Ағарту саласы ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде 2018 жылы аудандық білім бөлімінен алған мәліметімде 354 мұғалім –зейнеткердің 58 –інде «ҚР ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі, 2-де «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері болса, бірен-саранында ғана республика Білім және ғылым министрінің, аздағанында облыстық, аудандық білім бөлімінің алғыс хаттары бар екен.. Қалғандарында ештеңе жоқ. Мысалы, мен 1965-1966 оқу жылынан Амангелді, қазіргі №10 мектепте мұғалімдік еңбек жолымды бастап, 1970 жылдан басшылық жұмысқа араласып, 1986 жылға дейін мектепті басқардым. Осы жылдан 2003 жылға дейін Қосшағылдағы №2 мектепте директор болдым. Қазір №10 мектеп орналасқан Ақкиізтоғайдың 90 жылдық тарихын жазып бітірдім. Сонда осы елді мекенде туып, 4-7-11 сынып аралығында оқыған 6 Социалистік Еңбек Ерінің 3-еуінің сырттай 11 жылдық білім алуына, 4 ҚР еңбегі сіңген қызметкер мен 15 ғалымның ішіндегі 3 академиктің екеуіне, яғни Өтеген Оралбаев пен Алшын Алтыбаевқа, 3 доктордың екеуі Н. Оразақынова мен Нұрайна Қақпанбаеваға, бес кандидат профессорларға басқа да пән мұғалімдерімен бірге сабақ беріп, аттестатты өз қолыммен тапсырдым. 1975-1986 жылдар аралығында мектепті бір бала күміс, бес бала алтын медальмен бітірді. 1950-2018 жылдары мектептен 33 ақын-жазушы, жорналшы,тілшілер шықты. № 2 мектепте мен басшылық еткен 2003 жылға дейін 10 оқушы күміс, арнайы аттестатпен, алтын белгімен бітірді. Мыңдаған шәкірттерге өмірге жолдама бердік. Сондағы үкіметтен алған марапатым - «ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі. Жалпы зейнеткерге берілетін «Еңбек ардагері» деген медаль да маған бұйырмапты.

Әрине, мен марапат қумаған адаммын. Менің марапатым алдымнан өткен шәкірттерім, солардың құрметіне бөленіп жүрген бақытты жанмын. Кеңес кезінде «Нашар оқушы жоқ, нашар мұғалім бар» деген қағиданы бетке ұстады. Нашар деген мұғалім кемі 50 пайыз білім бере алады деді. Мен бұл үшін ешкімді де кінәламаймын. Бұл мектеп директорлары мен білім бөлімінің қызғанышы емес, білместігі деп есептеймін. Мен жоғарыдағы бейнесөзді босқа келтіріп отырған жоқпын. Қалған 300 мұғалім 40-45 жыл бекер тер төгіп, босқа еңбек еткен бе? Ең болмаса «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағы берілсе артық бола ма? Соңғы жылдары аудандық білім бөлімі мен кәсіподақтарының заттай сыйлықтары дөңгелек (юбилей) жастағы қызметкерлерге беріліп жүр. Мысалы, 2019 жылы мұғалімдердің тамыз кеңесінен жазып алғаным: 16 зейнеткер 70-85 жасқа толғаны үшін заттай сыйлыққа ие болды. Білім және ғылым министрінің кәсіподақтар белгісімен 13 мұғалім, білім министрінің грамотасымен 13, Құрмет грамотасымен 15 мұғалім, білім министрінің алғысхатымен 10, облыстық білім бөлімі алғысхатымен 17 мұғалім, «ҚР ұлттық дене тәрбиесі» қоғамының алғысхатымен 3, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен 6 ұстаз марапатталды. Бұл мұғалімдерге біраз күш-жігер береді, шәкірті үшін, жанұясында мақтаныш. Осы мақтаумен қоса жоғарыдағы мен айтқан үлкен марапаттарды да қосып берсе нұр үстіне нұр болар еді ғой.

Сондықтан ұсынамын:

1. Әр мұғалім жылда әкімшілік талабымен әртүрлі шығармашылық жоспар жасайды. Жоспарды орындау, жетістіке жету үшін мақсат қою, жетістіктеріңді тіркеп отыру. Мысалы, санатты қорғау үшін жоспарлап, пән бірлестігіне, әкімшілікке, білім бөліміне мәлімдеп, талаптарды шығармашылықпен орындау, оқушылардың білім сапасын, ҰБТ қорытындысын арттырып отыру. Мүмкіндігінше сабақтарыңа, өткізетін шараларыңа қатыстырып, бағасын жинақтасаң жыл соңында санатқа жетесің. Осындай жинағың басқа да марапат үшін керек болады. Қажетінде өзің еске салып ұсына аласың. Әр шараңды баспаға бересің.

2.Пән бірлестігі әр мұғалімнің шығармашылық жұмысын ескеріп жинақтап, әкімшілікке, кәсіподақ ұйымына ұсынуы керек. Еңбегі барлар ескерусіз қалмасын.

3.Ұсынылған мұғалімдер жұмысын білім бөліміне мәлімдеп, шараларына қатыстыруға, ұсынуға әкімшілік міндетті.

4. Мен айтқан тиісті марапаттарды мұғалімге зейнет жасына жақындағанда немесе шығарға дейін, не зейнетке қалғаннан кейін де сатылап ұсынып, алып беруді білім бөлімімен бірлесе отырып жұмыстанса артық болмас еді.

5.Әр мұғалімнің, зейнетке шығатын әр ұстаздың өздерінің жұмысын дәлелдейтін нақты есептер болуы керек.

6. Әр мектеп әкімшілігі өз зейнеткерлерінің ішінен белсенді, жастауын таңдап, зейнеткерлер үштігін құрса, мектептің тәрбие жұмысының қиын салаларына (ерте жүктілік, суицид, жат ағамдар, ата-аналармен жұмыс) көп көмегі тиер еді.

Осы ұсыныстарымды білім бөлімінің басшысы А. Қақпанбаева, кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Төребекова ханымдар ескереді деп сенемін. 92 жылдық тарихы бар ауданымыздың басшы-қосшы мамандарын даярлауда аудан мектептерінің алар орны ерекше. Олардың арасында ауданмен бірге жасап келе жатқандары да бар. Солардың бірі - Ақкиізтоғайдағы №10 мектеп, 1964-1965 жылы алғашқы түлектерін ұшырып шығарған. Онда 1986 жылға дейін еңбек етіп, үш Социалистік Еңбек Еріне, төрт республикаға Еңбек сіңірген қызметкерге, екі академик, екі ғылым докторына, бес кандидат, профессорға, алтын, күміс медальға бітірген алты оқушыға, 22 ақын-жазушы, жорналшы тілшілерге сабақ берген ондағы 14 зейнеткер-ұстаз педагогикалық марапатсыз қалған. Оның ішінде Ә.Ахметова директор, Б.Сағынғалиева 1974 жылдан оқу ісінің меңгерушісі болды. Бұлардың кейбірі қағаз жүзіндегі мақтаухаттармен марапатталған. Кішкентай ауыл мектебінен осыншама батыр, ғалымдар шыққан ба деп сенбеуіңіз де мүмкін. Бұл деректер «Жылыой жылнамасынан» алынған. Осынша көп болмағанымен энциклопедиядағы белгілі азаматтар осы аудан мектептерінде оқыған ғой. Соларды ескеріп, №10 Аманкелді мектебіне Президенттің немесе Білім және ғылым министрінің ескерткіш медалін немесе марапатын алуға болмас па?! Бұған аудан әкімі Халел Жамалұлы оң ықпал етер деген ойдамын. Егер бұл игі іс жүзеге асып жатса, ауданға, халыққа, мектепке, оның ұстаздары мен ұрпақ тәрбиесіне үлкен серпіліс болар еді.

Наурызбай Төлеуов,

аудандық ағарту саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы,

ҚР халық ағарту ісінің үздігі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT