Қазақ тарихында алар орны ерекше, қазақ халқының ұлы ойшылы, атақты фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, дінтанушы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі көрнекті тұлғасы ретінде танылған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының еңбегіне ғылыми жұмыс жазуға қызығушылық таныттым. Осы қызығушылығымды оятқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ғылыми жобамның жетекшісі – Шегірова Жадыра Сәуірбайқызы. Ғылыми жобамның тақырыбын «Мәшһүрдің мысал өлеңдеріндегі философиялық түйін мен оның өскелең ұрпаққа мұрасы» деп алдым.
Ғылыми жобамды бастамас бұрын ақынның өмір жолы мен шығармашылығын зерттедім. Оның жастайынан шығыс әлемінің білімімен сусындап, араб және парсы тілдерін жетік білгенін, басқа да шет тілдерді терең меңгергендігін, өзі өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысқандығын, шежіре мен айтыс, көптеген тарихи жырды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырғандығын білдім.
Өткен екі ғасырдың жүгін бірдей көтерген ақыл-ой, өнер саласындағы алып Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ел тарихындағы сондай дара саңлақтардың бірі болып қалды. Оның бала күнінен табиғи зеректігі мен алғырлығы, Құран сөздерін, жыр-дастандарды, даланың ауызекі тарихын жатқа соғуы сирек кездесетін дарын еді. Құдай берген ерекше қасиет бала Жүсіптің бағын асырып, атағын алысқа мәшһүр етті. Шорманның Мұсасы, Әкімбек сияқты белгілі адамдар алғыр жастың талантын түлетіп ұшыруға қолұшын созды, азамат ретінде қайырымдылық көрсетті. Мәшһүр-Жүсіп өзінің ақындық қасиетін де Тәңір сыйлаған өнер деп түсінеді.
Ойланып қаламыңды қолға аласың,
Сүңгіп жүзіп кетуге толғанасың.
Естіген кейінгіге мирас болып,
Саусағым ақ қағазға жорғаласын.
Заманынан озық ғұлама ойшыл сөз өнерінің жазылмаған ережедей мән-мағынасы мен зілмауыр азабын және сол дәуірдің менталитетіне сай өлең сөздің әрі ғибрат, әрі шежіре, әрі пәлсафа ретіндегі қызметін әбден жетік түсінеді. Ш.Қ.Сәтбаева бір шоғыр қазақ ақындарымен бірге М.Ж.Көпейұлын да Шығыстың классикалық әдебиетінен нәр алып «нәзира» дәстүрін қалыптастырған тұлғалардың қатарына жатқызады. Сондықтан Мәшһүр шығармаларындағы оқырмандық пен астарлы ойлау, тұспалдап сөйлеу, кесек ой айту үрдісі осынау іргелі көркемдік-эстетикалық дискурс әсерін толық аңғартады. Бұл орайда маған оның мысал жанрындағы ізденістері тапқыр да салмақты тұжырымдамаларымен ерекшеленді. «Жарты нан хикаясында» ұлттық үлгіден гөрі «Мың бір түндегі» Сүлеймен патшаның жазасына ұшыраған дию мен балықшы әңгімесін еске түсіретін сәттер мол. «Сиқырлы тас» ертегісінде бай баласының қанағатсыздығы, сандықтан шығатын жыланның шексіз жақсылығы суреттелетін. Ал мұнда керісінше сандықтан босаған жылан өсе келе айдаһарға айналады, өзіне рахым жасаушының өмірін қатерге салады. Бұл жағынан ол «Айдаһар қатын» ертегісімен үндеседі. Автор көркемдік шарттылық заңдылықтарын еркін пайдаланған. Қолыңа алдың ойлап нені? – дейді, Осынша әуре қылып мені, – дейді. Ауызға ашылған соң қорек керек, Жұтамын енді амалсыз сені! – дейді. Құмырадан құтылатын дию бірде жауыздық танытқанмен, келесі жолы қателігін ұғып, уәдесін бұзбайтын. Әрине, диюдың да, айдаһардың да кішкене сандыққа сыйып жатуы, олардың тілге келіп, сөз таластыруы, әсіресе бірден іске көшпей, дау қуалап, тәжікелесуі – өзі де шартты шындық аясындағы әдеттегі көзбен қарағанда расынан өтірігі көп көріністер. Мәселен сұм тажал көмектесуге бет қойған отыз адамға тиіспейді, әлгілер амалсыз жөніне кетеді. Бұлардан кейінгі бес адам тіпті қайран қыла алмасы тағы түсінікті. Осы екі ортада жарты адам пайда болады. Ол қандай кейіпте екенін қиялмен болжайсыз. Жарты адам ыңғайланып тұра қалған, Сөзіне мұның айтқан құлақ салған: Айдаһар, айтқаныңның бәрі өтірік, Нанбаймын мен орынсыз сөзге жалған! Жарты адамның айлалы лебізі аждаһаны ашуға міндіріп айтқанын дәлелдеу үшін бұрынғы мекені – сандық ішіне қайта түседі. Балықшы да диюды солай жерге отырғызған. Ендігі тұста мінез бен символ кеңістік шарттылығы жағдайында шаң береді. Пәленің үлкені – ауыздан байқаусыз шыққан сөз екен. Айдаһар – сол. Бір-екі ауыз нақылмен айтыла салатын ұждандық қағида өлең жолдары, әрекет, шешім, қиял әлеміндегі нанымдылығы нәтижесінде өте зор имандылық тұжырымдаманы өрнектейді. Ақын жеке тұлға үшін қажет сапалар құрамында жан-жақты толымды, тұтас мінез үлгісін кестелей біледі. Аңқаулық, көрсеқызарлық, пайдакүнемдік ақылсыздыққа баланса, ұстамдылық, мінезге байлық, жомарттық хас бағалы қасиеттер саналады. Ақын - философ барлық жанның қатесіз өмір сүре алмайтынын біледі. Сонда да ағаттықтан сақтандырып, зұлымдықпен күресудің қиындығын, ол үшін жүрек, қайрат, парасат, кісілік сапалардың, яғни Абай айтатын толық адам сипаттарының керектігін Мәшһүр - Жүсіп терең астарлы символикалық нұсқа – белгілердің көмегімен шебер мүсіндейді.
Ұлы бабамыздың жастарға тәрбиелік мәні бар: – «Жігіт күніңде жаннан кеш те іс қыл, өлсең өлерсің, өлмесең адам болып шығарсың», – деп қайсар рухын ұрандай ұсынып, қазақ халқының маңдайына қасқайып біткен азаматының ішінде Мәшһүр- Жүсіп Көпейұлының алар орны ерекше. Өзі өмірден озса да, артына мәңгі өшпес рухани мұра қалдырған қасиетті Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы бабамыздың мұрасының бізге және бізден кейін келер талай ұрпаққа берері мол екені сөзсіз.
Әнел Орынбасар,
№8 жалпы орта білім беретін мектептің
8 «Б» сынып оқушысы



