«Елу жылда ел жаңарса» да еш ескірмейтін құндылыққа толы кітаптың бірі – «Ұшқан ұя». Себебі бұл еңбектегі батыр Бауыржан Момышұлының бала көңілі, жүрегі, алғашқы көргенін, сезгенін, тұшынғанын қаз қалпында сақтай білуімен ерекшеленеді. Автор сол себепті балалық шағының көрінісін көз алдымызға айна-қатесіз келтіреді. Бұл шығарма оқыған оқушыға да ерекше шабыт сыйлары хақ.
№5 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектепте 10-21 ақпан аралығында өтіп жатқан тарих, құқық негіздері пәндерінің «Ұлыларын ұлықтаған елдің тарихы мәңгілік!» атты апталық аясында 8 «ә» сынып оқушыларымен, міне, осы «Ұшқан ұя» кітабына арналған шара өтті.
Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған шарада шығарманы талқылау, сұрақтарға жауап беру, интерактивті тақтамен жұмыс, нақыл сөздерін жатқа айту секілді жұмыстар жүргізілді. Батыр шығармасында әлемнің пайда болуы, тіршілік өмір туралы, алғашқы пайымдары, аңыз әңгімелер, әпсаналарды, нені сүйіп, неден аулақ болу керек екенін әжесінен үйренгенін мақтан етеді.
Қазір нақылға айналып кеткен «ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек бала», «бесікте жатқанда құлағына ана әлдиі сіңбеген бала көкірегі кейін керең болып қала ма деп қорқамын» деген философиялық пайымдауларын жас ұрпақ білуі тиіс. Осындай салт-дәстүрімізге, елтануымызға, адамгершілікке, кішіпейілдікке, бауырмалдыққа, басқа да ұлттық құндылықтар мен асыл қасиеттерге баулитын бұл шығарманы, расында да, өскелең ұрпаққа насихаттап, үлгі ете білуіміз керек.
Мейрамгүл Кенжебекқызы,
№5 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің кітапхана меңгерушісі