Шет тілінің шебері

Ұстаз – ұлы тұлға. Оның алдынан ғалым да, шахтер де, батыр да, бапкер де, әнші мен жыршы да, ақын мен сыншы да өтеді. Тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, жер еміп, егін салған диқаншы да, төрт түлік баптап терін төккен шопан да, ғаламның төбесінен қараған ғарышкер де ұстаздан білім алмай шыққан емес. Әріп танып, қалам ұстауымыздың артында ұстаздан дарыған ұлы күштің тұрғаны рас. Білім көкжиегін кеңейтіп, сауатымызды ашып қана қоймай, әке-шешеден кем қылмай тәлім-тәрбие де берген ұстаздарға шәкірт болудың өзі бір ғанибет емес пе?! Осындай қызығынан қиындығы басым мамандық иесін таңдап, оған бар ғұмырын сарп ету үшін адамға үлкен рух пен жігер керек шығар.

Иә, мұғалім болуды бала күнінен армандап, өз мақсатына жетіп, бар ғұмырын білім беру саласына арнаған жандар арасында Жұпар Хайруллина да бар. Білімді де саналы, тәрбиелі де талантты шәкірт тәрбиелеу жолында ол тынымсыз ізденіспен адал еңбек етті. 1944 жылдың 27 мамырында Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген болашақ мұғалімнің балалық шағы Орал қаласында өтті. Сол өңірдің №11 мектебінен білім алып, қоғамдық өмірге де белсене араласты. Бала кезден-ақ ұстаздардың көзіне түсіп, жанарында жалын оты ойнаған бала шәкірт мектеп қабырғасын 1963 жылы үздік аяқтап шығады. Болашағының ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланыста өтетінін сезген ол ары қарай Ресейге аттанып, Саратов қаласындағы мемлекеттік шет тілдер институтының ағылшын тілі бөліміне түседі.

1968 жылы «Ағылшын тілі маманы және оқытушысы» мамандығы бойынша оқуын ойдағыдай тәмамдайды. Жастайынан дәріс алумен бірге білім беруге құмар қаракөз қыздың жас маман атанғаннан кейінгі өмірі Жылой ауданына ауысады. Жолдама арқылы алғаш Қамыскөл мектеп-интернатына қызметке орналасқан ол ұстаздық қызметінің іргетасын Құлсарыда қалайды. Сан жылғы еңбек пен толағай жетістіктің арты осылайша киелі мекен - Кең Жылойдан басталған еді. Жұпар Қапизқызы еңбек жолын ары қарай №468 теміржол мектебінде жалғастырды. Кейін ол мектеп тұңғыш ғарышкер құрметіне Ю.А.Гагариннің есімін иеленді. Еліміз егемендік алған Тәуелсіздік жылдарында ол №13 жоғары сатылы жалпы орта білім беретін мектеп болып өзгереді.

Педагогтер арасында өзін жиі қамшылап, білім беру жолында үздіксіз дамып отырған мұғалімге жаңа қызмет орны айтарлықтай қиыншылық әкелмеді. Білім әлемінің тұңғиығына түсіп, оқушылардың қабілетін арттыру мен оқу-әдістемелік құралдарын заман талабына сай дайындап отырған ұстаздың еңбегі еленді. 1982 жылдан бастап аралас тілде оқытатын мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Одан әрі зейнеткерлік жасқа жеткенше осы мектеп қабырғасында директор қызметін жүйелі түрде атқара білді. Бала тәрбиелеп жүріп өз балалығы мен жастығын артта қалдырған жас маманның осылайша бүкіл ғибратты ғұмыры жылойлықтардың көз алдында өтті. Мәртебелі мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын терең меңгеріп, ұлағатты ұстаздық қасиетке ие болды. Өз кәсібін сүйген Жұпар апай ұстаздық қызмет жолында бірнеше рет аудандық, облыстық семинарлар өткізіп, алғысқа бөленген жан. Одан бөлек ағылшын тілін оқытудағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атағымен және бірнеше мақтау мен Алғыс хаттармен марапатталды. Ұстаздық қызметін адал атқарып, мектеп тарихындағы өлшеусіз еңбегі жөнінде №13 жалпы орта білім беретін мектептің директоры болған Майра Таңатарова: -Хайруллина Жұпар апай - ардагер ұстаз, мектеп тарихында елеулі орын алатын адам. Еңбек жолын ағылшын тілі пәні мұғалімі боп бастаған ол, шын мәнінде, өз кәсібінің шынайы шебер маманы, еңбексүйгіш, шығармашылық ізденімпаз, әдістемелік шеберлігі шыңдалған бірегей жан. Содан да ол мектеп басқарудың сатыларынан тез әрі сапалы өте білді. Ол тек шәкірттерге ғана емес, мұғалімдерге де тәлімгер ұстаз бола білген жан. Әр ұстазға әдістемелік көмек қана емес, адамгершілік, аналық тұрғыдан да өз қолдауын көрсете білген белгілі педагог,-деп өз пікірімен бөліскен еді. Ол жас маман болып келген жылдары шет тілі пәнінен дәріс беретін ұстаздар да, халық арасында ағылшынға деген қызығушылық та аз болғаны рас. Алайда оның тілге деген сүйіспеншілігі мақсат-мұратына жеткізбей қоймады. Өзінің алған білімін шәкірттеріне шынайы жолмен жеткізе білген ұстаз аналық жылуын да білдіріп, бұл пәннің сұранысын арттыра түсті. Сонымен қатар, жанына келген адамды баурап алатын қабілетімен де көптің есінде қалды. Оның осындай тұла бойы асыл қасиетке толы адал жан екендігін көптеген әріптестері айтып бере алады.

Айталық, ҚР Халық ағарту саласының үздігі, еңбек ардагері, жоғары санатты ұстаз Тұрсын Сапақова: - Ол өзінің елгезектік қасиетімен, қабілеттілігімен, қандай адам болмасын, лезде өзіне тартып алатын. Бауырмалдық бейімділігімен көпшіліктің арасында ерекше көрінеді. Мектепке тынымсыз жұмыс істеу арқылы өз пәнін жетілдіріп, өзге мұғалімдерге үлгі бола білді. Әріптестеріне педагогикалық парасат-пайыммен жұмыс талап ете отырып, біліктілігін кейінгі жас мамандарға үйретуден жалықпады. Мектеп директоры болып жұмыс жасаған 18 жылында білім ордасындағы оқу-тәрбие жұмыстары жүйелі жолға қойылды. Ол – қабілетті, білімді, білікті басшы ретінде өз ұжымындағы әріптестерінің тілін тауып, олардың ойларын бірден түсіне білетін психолог та еді. Қарауындағы қандай қызметкер болса да қолдап, әлеуметтік мәселелерін үнемі шешіп отырды,-дейді. Жақсы адам қашан да халық жадында сақталады емес пе?! Шәкірт тәрбиелеу жолындағы қайсар да қайратты мінезімен қаншама шәкірттің жүрегінен ойып тұрып орын алған Жұпар Хайруллинаның білім беру саласына қосқан үлесі ұмытылмақ емес. Осындай ел ертеңіне шын жанашырлық танытатын ұстаздар қатары көбейсе, келешегіміздің жарқын болары айқын.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT