Шаттыққа толы мереке

Жаңа жыл – әлемдегі ең қуанышқа толы, үлкен де, кіші де асыға күтетін ғажайып мерекелердің бірі. Осыған орай «Ақбөбек» бөбекжай-бақшасының «Балапан» кіші тобында әсерлі де көңілді жаңа жылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекенің басты мақсаты – балалардың танымдық қабілеттерін дамыту, шығармашылыққа баулу, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру және жаңа жылдық көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болды.

 Мерекелік шараға Аяз ата мен Ақшақар, сиқыршы, Маша, аю, қасқыр, түлкі және жылқы кейіпкерлері арнайы қонаққа келіп, балалармен бірге шат-шадыман кеш өткізді. Ертегі кейіпкерлері балалармен түрлі қызықты ойындар ойнап, олардың белсенді қатысуына мүмкіндік жасады. Әрбір ойын баланың ойлау қабілетін, қимыл-қозғалысын және ұйымшылдығын дамытуға бағытталды.

Арнайы жаңа жылдық костюмдерін киіп, үлкен дайындықпен келген бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды. Олар ән айтып, би билеп, тақпақтарын мәнерлеп оқып, мерекенің сәнін келтірді. Балалардың сахнадағы сенімді қимылдары мен жарқын күлкілері ата-аналар мен тәрбиешілерге ерекше әсер сыйлады. 

Аяз атамен бірге ұйымдастырылған ойындарға балалар аса қызығушылықпен қатысты. Ойын барысында шыршаны безендіру, шамдарды жағу сияқты қызықты тапсырмалар орындалды. Сонымен қатар бүлдіршіндер «Шырша биін» билеп, «Келді міне, Жаңа жыл» әнін хормен орындады. Бұл сәттер мерекелік кештің шарықтау шегіне айналды. 

Аталған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тәрбиелік мәні зор болды. Балалардың көңілінен шығып, есте қаларлықтай әсер қалдырды. Мерекенің сәтті өтуіне өз үлестерін қосқан тәрбиешілер – Индира Мамбетиязова, Базаргүл Мұхитова және Нұрсұлу Көбейсіноваға ерекше алғыс білдірілді. Олардың еңбегі мен ізденісінің арқасында балалар үшін нағыз ертегіге толы жаңа жылдық кеш ұйымдастырылды. 

Сонымен қатар жаңа жыл мерекесіне орай балабақшалар арасында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты көрме-байқау өтті. Аталған сайыста «Ақбөбек» балабақшасы жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетіп, шығармашылық жұмыстарымен ерекшеленді. Байқауға белсенді қатысқан бөбекжай-бақша ұжымы өздерінің ұйымшылдығы мен шеберлігін дәлелдеп, жүлделі бірінші орынға ие болды.

А. Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT