Білім – адамзаттың мәңгілік шамшырағы.
Ол – қараңғы түнде жол көрсеткен ай сәулесіндей, сананы нұрландырып, жүрекке жылу сыйлайды. Білім күні – әрбір шәкірттің жаңа сапарға шыққан кемедей үмітін айдынға жайып, ұстаз мейірімі күннің алтын шуағындай төгілетін мереке. Айтулы мереке күні аудан орталығынан шалғайдағы Майкөмген ауылдық округіндегі №17 мектеп қабырғасында да «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасы өтті. Оған ауыл әкімі Нұржарық Сауытұлы да қатысып, ақ көйлегін киіп, алқызыл гүл ұстаған ақ ниетті бүлдіршіндірге ақжарма тілегін ақтарды.
Салтанатты жиын барысында әсем дауысы әуелеген әншілер де, мың бұралған бишілер де өз өнерін көрсетіп, көптің қошеметіне бөленді. Сөз сөйлеген мектеп директоры Динара Аңдамасова:
-Ардақты ұстаздар мен шәкірттер! Білім күні – көктемгі самалдай көңілге қуаныш сыйлайтын, таңғы шапақтай жаңа үміт оятатын мереке. Осы күнде әрбір шәкірт бүршік жарған гүлдей болашағын ашып, білімнің дариясына құлаш ұрады. Баршаңызға жаңа оқу жылында самғаған қырандай биіктен көрінуді, мөлдір бұлақтай таза ой, күн шуағындай мейірім тілеймін,-деп ақтарыла ақ тілегін жеткізді.
Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бал тілді балдырғандар жаттаған таппақтарын айтып, жиылған жұртшылықтың жүзіне күлкі ұялатты. Әліппемен достасқалы отырған қос оқушы «Алғашқы қоңырау» рәсімін орындап, оқу жылын ресми түрде ашты.
Ендеше, жаңа оқу жылымыз шалқар теңіздей терең білімге, биік шыңдай асқақ арманға жетелесін! Сабағыңыз – аққан бұлақтай мөлдір, еңбегіңіз алтын дәндей берекелі болсын! Ұстазға шәкірттің алғысы – күннің шуағындай жылу, шәкіртке ұстаздың мейірімі аспандағы жарық айдай бағыт берсін.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ