Сапалы білім, маңызды бастама

Білім – болашаққа салынған ең үлкен инвестиция.

Ертеңгі бәсекеге қабілетті тұлға – бүгінгі алдымызда отырған оқушымыз. Олар – еліміздің ертеңі, дамыған елдермен иық тіресіп, тереземізді тең ұстап, әлемдік бәсекеде үкілі үмітімізді ақтайтын ұрпақ. Сол ұрпаққа сапалы білім беру – әрбір ұстаздың парызы.

Әрине, оқушыларға жүйелі білім беріп, білікті азамат етіп шығару ұстаздар тарапынан үлкен ізденіс пен қажырлылықты талап етеді. Осы бағытта 2024 – 2025 оқу жылында «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы шеңберінде белгіленген «943-Елдің нысаналы (мақсатты) мектептерін дамыту» жобасына Атырау облысының 46 мектебі енді. Соның ішінде біздің ауданнан қаладағы №15 Сүлеймен Карабалин атындағы, № 8 орта мектеп пен Майкөмген ауылындағы № 17 жалпы орта білім беретін мектеп те кірген еді. «Мақсатты мектептер» жобасының мақсаты - жергілікті жерлерде білім беру процесін жақсарту үшін мақсатты мектептермен өзара әрекеттесу арқылы жұмыс құралдары мен тетіктерін ұсыну.

Жоба барысында облыстық әдістемелік орталығы мен «Өрлеу» филиалы қала, аудандық білім беру бөлімдері және мақсатты мектептер жобасына енген білім беру ұйымдары басшыларымен «Мақсатты мектептер» жобасы аясында кездесу ұйымдастырды. Онда жүргізілетін жұмыстар нақтыланып, күтілетін нәтиже және мұғалімдер стимулын көтеру бағытында жобаны қорытындылау бағыттары да талданды. Жұмыс бастамас бұрын әр мектептің жеке портреті жасақталып, жоспарын әзірлеу және енгізу жұмыстары талқыланды. Жаңа оқу жылында 1 сыныпқа қабылданатын оқушылардың деректері алынып, мектепке дейінгі ұйымнан келген әр бүлдіршіннің жасақталған даму картасы бойынша жұмыс жүргізілді. Жоба барысында 11 пән бойынша мұғалімдердің деректер базасы жасақталып, алғашқы қадам біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Бастауыш сыныптар және профильдік пәндерден үш деңгейде өткен біліктілікті арттыру курстары базалық деңгей -фундаменталды негіздер, негізгі деңгей-құзыреттілікті кеңейту мақсаттарын көздеді. Бұл курстар әрбір тыңдаушы үшін кәсіби дамудың тағы бір өсу нүктесі болғаны анық.

№15 Сүлеймен Карабалин атындағы жалпы орта білім беретін мектепте 11 пән бойынша 29 мұғалім жобамен жұмыс жасады. 12 тамыздан бастап мұғалімдер біліктілік курсын бастап, алғашқы диагностикалық тестіден өтіп, модульдер бойынша бейне дәрістер алды. Онда тек пән бойынша емес, нормативтік құжаттармен де жұмыстар жүргізілді. Мектеп мұғалімдері өздеріне жүктелген міндеттің маңыздылығын түсініп, сабақ процесі барысында білім сапасын арттыру әдістері мен тәсілдерін жетілдіріп отырды. Аудандағы жобаға түскен мектептер мұғалімдері арасында серіктестік байланыс орнап, өзара тәжірибе алмасу жүзеге асты. Өткізілген семинар, шеберлік сабақтарында мұғалімдер өздері қолданған тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалының Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының әдіскері Гүлмира Тәжиева әдістемелік десант негізінде мақсатты мектептердің базасында әдістемелік қолдау ұйымдастырды. Әр сабақтан кейін орнатылған кері байланыс мұғалімдерге қай әдістің тиімді екендігін, оқушыларға берілген тапсырмаларды функционалды сауаттылыққа, логикалық ойлауға бағытталуы дұрыс екендігі туралы құнды ұсыныстар айтылды.

Бірлескен, бір мақсатқа бағытталған жұмыс өз нәтижесін беретіні анық. 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша мектебіміздің білім сапасы 1,8 пайызға өсті. Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Барлық әріптестеріме ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде толағай табыстар тілеймін.

Майра Таңатарова,

№ 15 С.Карабалин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT