Жақында Щучинск қаласында 2-7 сынып оқушылары арасында өткен "Зерде" республикалық ғылыми жобалар байқауы қорытындыланды. Зерттеу жобаларының жаратылыстану бағыты бойынша жеңіске жеткендер қатарында жылыойлық оқушылардың бар екені қуантты.
-Аудан намысын қорғаған білімді шәкірттер ішінен Самат Ясина ерекше көзге түсті. Ол жүлделі ІІ орынды иеленіп, мектеп мерейін өсіріп, ұстаздар абыройын асқақтатты. Құлсары қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектептің 2 сынып оқушысын осы дүбірлі білім додасына дайындаған жетекшісі Клара Құлмұханованың еңбегі зор,-дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Айымгүл Қалиева.
Жылыойлық оқушылардың жеңісі жалғыз мұнымен шектелмейді. Шоқпартоғай ауылындағы №3 жалпы орта білім беретін мектептің 3 сынып оқушысы Кәусар Рахимова да жеңімпаздар қатарынан көрініп, жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлады. Бұл шәкіртті шыңдаған жетекшісі Алтынгүл Ерхасова болатын-ды.
Біз де жас жеткіншектердің жеңісіне қуанып, жетістігін жерлестеріне жеткізгенше асықтық!
П.ТӘЖІ