ҰРПАҚ ЖАДЫНДА ЖАҢҒЫРҒАН МАЙДАН ӘНДЕРІ

 

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қаладағы №9 орта білім беретін мектепте «Жеңіс, сен әр адамның жүрегіндесің! » атты патриоттық еске алу сағаты өтті. Шараға мектеп әкімшілігі, мұғалімдер мен 10 «Д» сынып оқушылары қатысты. Патриоттық шараны сынып жетекшісі Сара Станова ұйымдастырып, жүргізді.

Еске алу сағаты Н.Томилияның өлең шумақтарымен ашылды:

9 мамыр – Жеңіс күні,

Елдегі бейбітшілік пен көктем мерекесі.

Соғыстан қайтпаған сарбаздарды еске аламыз.

Осы мерекеде аталарымызды құрметтейміз,

Туған жерін қорғаған,

Халықтарға Жеңіс сыйлаған

Және бізге бейбітшілік пен көктемді қайтарған!

Шара барысында соғыс жылдары туған әндердің тарихы әсерлі жеткізіліп, олардың мазмұны мен маңызы тереңінен талданды. Әсіресе «Катюша» әні аясында қойылған көрініс әсерлі шықты. Асылай, Жания, Карина және Айгерім есімді оқушы қыздар бұл әнге арнайы сахналық композиция дайындап, қатысушылардың ықыласына бөленді.

Патриоттық шарада ақын Алексей Сурковтың өмір жолы мен оның «В землянке» әнінің шығу тарихы да кеңінен айтылды. Бұл ән ақынның жау шебінен аман шығып, мина қойылған аумақтағы ауыр сәттерден кейін жарына жазған хатына негізделген. Жауынгерлерге рух берген әнді Нұртілек гитарамен сүйемелдеп, Мейіржан, Жанель, Жансая және Анель қосыла шырқап, сәтті орындап шықты.

Сонымен қатар, оқушылар «Журавли», «Синий платочек» секілді майдан әндерінің шығу тарихымен танысты. Кеш барысында К.Симоновтың «Жди меня» және Р.Рождественскийдің «Помните» атты терең мағыналы өлеңдері тыңдалды.

Шара қан майдан даласынан оралмаған боздақтарды 1 минуттық үнсіз еске алумен жалғасып, олардың рухына тағзым етілді. Еске алу сағаты жас ұрпақтың жүрегінде патриоттық сезімді ұялатты.

Соңынан сөз алған мектептің оқу-білім меңгерушісі А.Көкебаева, тәрбие ісінің меңгерушісі А.Бекқұлиева, ардагер ұстаз В.Төреханова және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Б.Байниязова оқушыларға бейбіт өмірдің бағасын біліп, қадірін түсінуге, майданда ерлікпен қаза тапқан ата-әжелеріміздің рухын ұлықтауға шақырды.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT