Ұрпақ тәрбиесі – ұлы іс

Қай дәуірде болсын, халықтың тағдыры ұстаздың қолында болған. Өйткені, ұстаз – жүректен жүрекке жол салатын сәулелі шамшырақ, таусылмас қазына. Сол қазынасын аянбай шәкіртке арнап жүрген жандардың бірі – ауданымыздағы №17 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Динара Андамасова.

 1989 жылдың 19 тамызында дүние есігін ашқан Динара Алмасқызы жастайынан білім жолын таңдады. Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледжінен бастауыш білім берудің қыр-сырын меңгерсе, кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Педагогика және психология» мамандығын, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнін жетік игеріп, жан-жақты білімді маман атанды.

20 жасынан бастап мектеп табалдырығын аттаған Динара Андамасова содан бері 16 жыл бойы білім саласының ыстығы мен суығына төзіп келеді. Білім ордасына басшы болғанына төрт жыл болса да, ұжымын біріктіріп, мектептің жүгін арқалап жүрген жас та болса, бас бола білген іскер тұлғаға айналды. Әр жылдары ол аудандық, облыстық, республикалық деңгейде талай марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, 2019 жылы аудандық «Адал ұрпақ» клубынан І орын иеленсе, 2020 жылы облыстық дебат турнирінде «Алғыс хатпен» марапатталып, «Дарын» онлайн байқауында да өзінің біліктілігін дәлелдеді. 2021-2022 жылдары аудандық білім бөлімі мен әкімдіктің, облыстық кәсіподақ ұйымының бірнеше мәрте «Алғыс хатымен» ұлығыланды. 2022 жылы «Үздік педагог – 2022» байқауында І орын алып, өңір ұстаздарының арасынан оза шапты. 2023 жылы «Тәуелсіз елдің үздік ұстазы» атанып, аудан ұстаздарының мерейін үстем етті.

Динара Алмасқызы – білім көшін ілгері сүйреген көшбасшы ғана емес, адами қасиетімен де айналасына өнеге. Оның шәкірттері – құстай қалықтап ұшқан армандар, ал өзі – сол арманға қанат қақтырған аяулы ұстаз. Шәкіртін жүрек жылуымен баурап, әр баланың болашағына сәуле шашқан ұстазды халық та қадір тұтады. Ол үшін мектеп – алтын ұя ғана емес, жүрек қазынасы, тіршілік тынысы.

Иә, ұрпақ тәрбиесі – ұлы іс. Ал сол ұлылыққа жетелейтін шамшырақ – ұстаз. Бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы соның айқын дәлелі. Қорыта айтқанда, ұлылық ұстаздан дариды.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT