Роботтар әлемі

Кейінгі кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автоматтандыру саласы мен жасанды интеллектіге баса назар аударып, бұл жүйенің жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетінін жиі айтып келеді. Соның аясында еліміздің әр өңірінде жас өрендерді озық IT инфрақұрылымы бар дағдыларға баулу мақсатында ауқымды істер жүзеге асырылуда. Өткен жаңа жыл қарсаңында ғана қаламызда ашылған роботсүйер балалар мен жасөспірімдерге арналған «Salem Robo» робототехника орталығы - соның айғағы.

Заманауи сұранысқа ие ғимарат «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен ашылып, «Жарқыра» облыстық әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы өз жұмысын бастады. Расында да, осыған дейін біз үшін жай қиял болып, шетелдің фантастикалық киноларынан ғана көрінетін роботтар бүгінгі күні әртүрлі салада пайдаға асуда. Бұл заман ағымының көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, адам өмірін жеңілдетуде мол мүмкіндіктер есігінің ашылғанын растайды. Демек біз өмір сүретін қоғам жаңа техниканың қыр-сырын меңгеруді талап етеді. Осы мақсатпен өскелең ұрпаққа жаңа бір орталықты ашқан жоба жетекшісі Ержан Исабайұлы ашылу салтанатында бұл салаға қалай келгендігін сөз етті.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыссыз қалып, қиын жағдайға тап болдым. Сол кездері ойыма баланың бойындағы техникалық дағдыны дамытатын және технологиялар әлеміне қол жеткізуге мүмкіндік беретін робототехника орталығын құру идеясы келді. Шыны керек, бастапқы кезде бұл істі қолға алуым үшін тәжірибем мен сенімділігім жетіспеді. Алайда "Жарқыра" бағдарламасының финалисі және амбассадоры Алмагүл Шудабаева бизнесті бастауға көмектесіп, әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған "Жарқыра" бағдарламасымен таныстым. Сөйтіп, арманыма алғашқы қадамымды жасадым. Бұл жоба арқылы мен басқару, қаржы және маркетинг саласында білім алдым және жобаның маған берген пайдасы көп болды. Мысалы, мен биылғы жылы бағдарлама грантының екі иегерінің бірі атандым. Және қаржылай қолдау өз ісімді бастап кетуге, қажетті жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік сыйлады,-дейді орталықтың негізін қалаушы.

Бүгінгі таңда қаладағы филиал директорының қызметін Айым Мақсотова атқарады. Ал нысанда 30-35 бала білім алуда, олардың ең кішісі небары 3 жаста. Шәкірттер арасында психо-сөйлеу және моторлық дамуының кешігуі, сондай-ақ аутизм синдромы диагнозы қойылған балалар да бар.

Ата-аналардың айтуынша, бұған дейін өз жұмысын бастап кеткен ғимарат оқушылар жағдайын айтарлықтай жақсартқан. Мұнда олар роботтардың жеңілінен бастап күрделісіне дейін, яғни, LEGO Education сериясынан We Do 2.06 Spike Prime, Mindstorm EV3 жиынтықтары бойынша сабақ өтеді. Осылайша бағдарламада көрсетілген роботтарды өздері жасап, оны құрастырудың түрлі тәсілдерін меңгереді. Және әр жиынтықты аяқтағаннан кейін міндетті түрде емтихан тапсырып, сынақтан өткен жағдайда ғана келесі кезеңге жолдама алады екен. Ел ертеңінің қызығушылығын арттырып, робот үйірмесінде «суда жүзген балықтай» еркін сезінуіне барлық жағдайын жасап отырған жоба жетекшісі өз оқушыларының республикалық және шетелдік чемпионаттарға дайындалып жатқанын жеткізді. Бұл мақсатта орталықта екі мұғалім үздіксіз еңбек етіп жүр. Салтанатты шараға «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімі бас менеджерінің орынбасары Хэймиш Полс те қатысып, «Жарқыра» бағдарламасын қала халқы толықтай естісе екен деген өтінішін жеткізді. Себебі оның «кәсіпкер болсам» деген азаматтарға көрсетер көмегі мол екендігін айтып:

- «Жарқыра» бағдарламасы өңір кәсіпкерлері үшін нағыз трамплинге айналды. Себебі «Теңізшевройл» компаниясы жергілікті қоғамдастықтың өмірін жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдайды. Біз өз өмірін өзгертіп қана қоймай, балалардың заманауи әлемге дайындалуына көмектесетін Ержан сияқты азаматтардың жетістігін мақтан тұтамыз. Және "Salem Robo" робототехника мектебінің басқа кәсіпкерлерге де шабыт сыйларына сенеміз. «Жарқыра» бағдарламасы аясында 2016 жылдан бастап 74 әлеуметтік-кәсіпкерлік жоба іске қосылды. Олардың 36 пайыздан астамы – білім беру орталықтары. Осылайша, бұл бағдарлама Атырау облысындағы қосымша білім беруді дамытуда өз үлесін қосып келеді,-деді сөз арасында.

Жаңа нысанның ашылуына «Теңізшевройл» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Нұрлан Мұратұлы, «Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қорының» басшысы Ирина Горбаченка, «Жарқыра» бағдарламасының бірқатар мамандары мен ата-аналары қатысты. Олар қаламыздың кәсіпкерлер санының көбейіп, жергілікті бүлдіршіндердің жаңаша білім алатындығына дән риза. Оның бірі – ұлы үшін қуанышты ана Мәдина Каденова. Ол өз сөзінде:

- Менің ұлым үшін орталықтағы сабақтар нағыз жаңалық болды. Робототехника баланың назарын пайдалы іске аударуға көмектеседі, ұсақ моторика мен коммуникативтік дағдыларын дамытады. Оның модельдерді құлшыныспен жинап, жаңа нәрселерді үйреніп жатқанын көру – мен үшін үлкен қуаныш. Мен Ержан мен оның командасына әр балаға көрсететін ерекше ілтипаты мен ықыласы үшін алғыс айтамын және жұмысына тек сәттілік тілеймін,-дейді жоба жетекшісіне ризашылығын білдіріп.

Шарада балалардың роботтар мектебіндегі сүйікті ұстаздары Айталы Исатай мен Ерназар Абдулланың дайындаған роботтары таныстырылып, жиналғандар роботтар коллекциясын бір деммен тамашалап шықты. Олардың арасында «Құстарды тамақтандырғыш», «Роботты қол», «Қоқыс тасығыш машина», «Ауыр жүк көтергіш», «Ультрадыбыстық машина», «Салмақ өлшейтін машина» сынды роботтар қонақтар назарына ұсынылып, көрермендердің оң пікірін алып үлгерді. Және шара барысында қала тұрғындарына логикалық сұрақтар қойылып, дұрыс тапқан жандарға сыйлықтар таратылды.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT