Республикалық кезеңге жолдама алды

Ауыл мектебі оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен “Ауыл олимпиадасы” биыл да дарынды жастардың үлкен додасына айналды. Білім бәйгесіне жалпы мектептердің 9–10–11 сынып оқушылары қатысып, үздіктер өзара сынға түскен болатын. Олимпиадаға қатысу үшін оқушылар арнайы сайт арқылы ерікті түрде тіркеліп, мектепішілік кезеңде барлығы 223 оқушы бақ сынады.

Ал аудандық кезең №16 Д.Жазықбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте өткізілді. Бұл кезеңге іріктеліп, 175 оқушы қатысып, өз білімдерін ортаға салды. Олимпиаданың облыстық кезеңі “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының әр пән бойынша бекітілген кестесіне сәйкес онлайн платформада ұйымдастырылды. Аудандық кезең қорытындысы бойынша 44 оқушы жүлделі орындарға ие болып, облыстық кезеңге жолдама алды.

Облыстық кезеңде де ауыл оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, аудан мерейін асқақтатты. Атап айтқанда, 4 оқушы – І орынға, 2 оқушы ІІ орынға ие болса, тағы 13 оқушы “Алғыс хатпен” марапатталды. Бұл ауыл мектептеріндегі білім сапасының көрсеткіші. Сонымен қатар қараша айында өткен республикалық жаратылыстану-математика бағыты бойынша олимпиадада да оқушылар ел деңгейінде ең үздіктер қатарынан көрінді. Биология пәні бойынша №22 мектептің 11-сынып оқушысы Әли Ғайнуллаев жүлделі ІІ орынға ие болды. Математика пәнінен №4 М.Әуезов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Сарбиназ Тапан жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Ал информатика пәнінен №3 мектептің 9-сынып оқушысы Бекжан Өтегенұлы жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Бұл жеңістер - ауданымыздың дарынды балалары үшін зор мүмкіндік, үлкен қуаныш және үлкен үміт. Жүлделі орынмен оралған оқушыларды қолдау мақсатында Атырау қаласында оларды білім бөлімінен өкіл, мектеп директорлары, ұстаздары мен ата-аналары салтанатты түрде құттықтап күтіп алды. Бұл жас зияткерлерге деген зор сенім мен құрметтің белгісі болды.

Енді желтоқсан айында Астана қаласында өтетін республикалық қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы олимпиадаға да ауылдан тағы екі дарынды оқушы жолдама алып отыр. Ағылшын тілі пәнінен №22 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Құмар Жанайыс, ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен №3 мектептің 11-сынып оқушысы Кәусар Шайхиева республикалық білім бәйгесінде аудан намысын қорғайтын болады.

Озат оқушылардың республикалық деңгейде бақ сынауы ұстаздардың ерен еңбегінің, ата-аналардың тынымсыз қолдауының нәтижесі. Жас білімгерлерге сәттілік тілейміз!

 А.Қалиева,

әдістемелік кабинет меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT